Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жерлеуден кейін бізді ұмытты": "Майқайыңалтын" аумағындағы ТЖ-дан қаза тапқан құтқарушының қызы үндеу жасады

Опубликовано:

"Майқайыңалтын" АҚ аумағы
"Майқайыңалтын" АҚ аумағы. Фото: Валерий Бугаев

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан құтқарушының қызы видеоүндеу жасап, уәде етілген материалдық көмек толығымен көрсетілмегенін мәлімдеді. Бұған қатысты Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Яна Осолодкова қазақстандықтарға жасаған видеоүндеу осыдан бір жарым жыл бұрын анасы өмірден өткенін, ал жақында әкесі Олег Тышкевичтен айырылып қалғанын айтады. Мұның бәрі ауыр соққы болған бойжеткен депрессияға түсіп, қазір психотерапия курстарынан өтіп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, бір сеанс үшін 20 мың теңге төлеуі керек, ал уәде етілген тегін психологты көрмеген.

"Қайғылы жағдай туралы көршілерімнен естідім, түстен кейін білдім. Ал ол түнгі бір-екілер шамасында қаза тапқан екен. Жерлеу рәсімінен кейін бәрі бізді ұмытты. Ешкім байланысқа шықпайды. Кімге жүгінерімді білмеймін.

Төтенше жағдайлар департаменті немесе "Майқайыңалтын" басшылығынан менімен байланысқа шығуын сұраймын. Олардың бізге қалдырған телефон нөмірлеріне хабарлассақ, тұтқаны ешкім көтермейді. Instagram желісінде жазылғандай, бізге төрт жарым млн теңге емес, "Майқайың" кенішінен екі млн теңге ғана бөлінді", - дейді марқұмның қызы Яна Осолодкова.

Бойжеткеннің айтуынша, жерлеу рәсіміне 1 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Ол Алматыда ем алып жатқандықтан, оған да жарты млн-ға жуық қаржы кеткен. Қаза тапқан құтқарушының қызы қайғылы оқиғаның себебі салғырттықтан болды деп санайтынын айтып, қазақстандықтардан бұл видеоны барынша бөлісуді сұраған.

Яна Осолодкованың үндеуіне қатысты Павлодар облысы әкімдігінің өкілдері пікір білдіріп, қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына төрт жарым млн теңге көлемінде көмек көрсетілгенін мәлім етті.

"Майқайыңалтын" АҚ 2 млн теңге бөлді. "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі республикалық орталық штабы" 500 АЕК немесе 1 миллион 846 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ жерлеу рәсіміне 100 АЕК немесе 369 200 теңге мөлшерінде көмек көрсетілді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеу рәсіміне 94 АЕК немесе 347 000 теңге бөлінді", - деп хабардар етті Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар әкімдік өкілдері төлемдерді денесі табылған құтқарушылардың отбасы алғанын атап өтті. Әкімдіктегілердің айтуынша, қазір іздестіріліп жатқан құтқарушылардың да отбасына олардың денесі табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп таныған жағдайда осындай көмек көрсетіледі.

"Жергілікті атқарушы орган "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан" қосымша сақтандыру төлемдерін төлеу және "Майқайыңалтын" АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету мәселесін қарастыруда. Бұл төлемдер бұған дейін төленген сомадан бірнеше есе көп. Төлемдердің нақты сомасы іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады", - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы ТЖ

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.

Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылса, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.

Жақында тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058700-zerleu-rasiminen-keiin-bizdi-umytty-maiqaiynaltyn-aq-dagy-tz-dan-qaza-tapqan-qutqarusynyn-qyzy-undeu-zasady/

pixel