"7 жауапты адам анықталды": "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатты тергеу қорытындысы жарияланды
Жарияланған күні:
"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатты тергеу жөніндегі комиссия қорытындысы шықты. Комиссия 4-24 қаңтар аралығында тергеу жүргізді, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Осы кезеңде, ведомство мәліметінше, ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен комиссия мүшелері жобалық құжаттаманы зерделеп, тергеуге 4 сараптамалық ұйымды, оның ішінде Ресей сарапшысын тартып, алтын өндіруші кәсіпорынның куәгерлері мен лауазымды тұлғаларына сауалнама жүргізген.
Комиссия 7 жауапты адамды анықтады, олардың әрекеттері салдарынан топтық жазатайым оқиға болған. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.
Сонымен қатар комиссия өкілдері шахтаға түсіп, оқиға орнын зерттеген.
"Жан-жақты тергеу жүргізе отырып, комиссия жұмыс істеген кеңістікке тау-кен массасының құлауы салдарынан орын алған топтық жазатайым оқиғаның себептері:
- жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру;
- "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылау тиісті түрде жүзеге асырылмаған;
- блоктарды өңдеу кезінде қазбалардан құлау процесін бақылау тиісінше жүзеге асырылмаған деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, бұл бос орындарға тиісті бақылау жүргізілмегені, жобалық құжаттамаға сәйкес әзірленген тазарту кеңістігінің бос жерлері, құлау ықтималдығы бар екендігіне бақылау жүргізілмегені анықталды. Нәтижесінде кенеттен құлаған тау массасының салдарынан жазатайым оқиға болды", - делінген хабарламада.
Тергеу нәтижелері бойынша комиссия мүшелері жазатайым оқиғаның себептерін жою жөніндегі іс-шараларды және олардың орындалу мерзімдерін айқындады. Оның ішінде шахта директорының, бас инженердің, бас маркшейдердің, учаскелік маркшейдерлердің лауазымдық нұсқаулықтары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың талаптарын ескере отырып қайта қаралады.
Бұдан басқа, тау-кен қазбаларының өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетіні айтылған.
"Құлауы мүмкін аймақтарды және қауіпсіздік нормаларын қамтамасыз етуді ескере отырып, автокөлік қозғалысының маршруттары әзірленетін болады.
Апат болған жерде авариялық-құтқару жұмыстары оқиға болған сәттен бастап демалыс күндерінсіз жүргізілуде. Топырақтың геосканизациясы жұмысы мерзімді уақытта жүргізілуде. Жұмыстар өте қиын жағдайларда жүргізілуде. Тау жыныстарының құлау қаупі және пайда болған шұңқырдың астында бос орындар бар", - делінген хабарда.
Карьерге құлаған автобус оқиғасы
Еске салайық, Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні Майқайың кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Олардың денесі жер бетіне шығарылды.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, автобуста 4 адам болған - Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.
5 қаңтарда Асайын Байханов оқиға орнынан видео жариялады.
Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады. Кейін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті автобус құлап кеткен "Майқайыңналтын" АҚ аумағында жүргізіліп жатқан іздеу-құтқару жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Кейін Павлодар облысындағы автобус құлап кеткен "Майқайыңалтын" АҚ аумағына қазуға арналған техника жеткізілгенін жазған едік.
Қаңтардың 15-і Павлодар облысында адамдар мінген автобустың жер астына құлаған сәті түсірілген видео пайда болды.
Ал 17-сі мәжілістің жалпы отырысында AMANAT фракциясының депутаты Амантай Жарқынбек "Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты шахтада болған апатқа қатысты мәселе көтерген болатын.
Сондай-ақ 18 қаңтарда "Майқайыңалтын" шахтасына құлап кеткен құтқарушының әкесі жанайқайын айтқаны туралы жазған едік. Ал 23 қаңтарда 40 қызметкерден жауап алынғаны хабарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057725-7-zauapty-adam-anyqtaldy-maiqaiynaltyn-aq-aumagyndagy-apatty-tergeu-qorytyndysy-zariyalandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.