"Майқайыңалтын" кен орнында іздеу жұмыстары жанданды
Жарияланған күні:
Қайғылы оқиға орнындағы жұмыстар жанданды. "Майқайыңалтын" кәсіпорны бүйірлік траншеяларды кеңейтіп, құтқарушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғаныс қоршауын тұрғызады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі. Шұңқырдың айналасында қорғаныс қоршауын салу жоспарланып отыр екен.
"Тау-кен инженерлік жұмыстарын жүргізу жобасын дайындап жатырмыз. Ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеялар кеңейтіліп, аппарельді құлау түбіне дейін тереңдетеді", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Бұл жұмыстармен "Майқайыңалтын" кәсіпорны айналысады. Облыстық ТЖД мәліметінше, департамент күштері мен құралдары қазір күту режимінде.
Іздестіру-құтқару жұмыстары кәсіпорын құлау түбіне техниканың қауіпсіз өтуін дайындаған бойда жалғасады.
Еске салайық, 6 ақпанда Павлодар облысындағы "Майқайыңалтын" аумағындағы опырылған жердегі жұмыстар тоқтатылғаны белгілі болды. Төтенше жағдайлар департаменті шахтаға құлаған автобусты іздестіру орнында опырылу қаупі тым жоғары екенін мәлімдеді.
"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы ТЖ
Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.
Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылса, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.
Жақында тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.
Кеше "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан құтқарушының қызы видеоүндеу жасап, уәде етілген материалдық көмек толығымен көрсетілмегенін мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059702-maiqaiynaltyn-ken-ornynda-izdeu-zumystary-zandandy/