Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Семейде жалын шарпыған сауда үйінің иесі: Жылдар бойы құрған бизнесімнен бір күнде айрылдым

Опубликовано:

"Ақшың" сауда үйінің басшысы
Сауда үйінің басшысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев пен өрт шыққан сауда үйінің иесі зардап шеккен кәсіпкерлермен кездесті. Сауда орталығының иесі осы кәсібін аяққа тұрғызу үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы құйғанын айтты. Бүлінген ғимарат банкте кепілде тұрғаны белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Облыс әкімі шығынға батқандарға мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары қарастырылып жатқанын жеткізді. Арнайы қор да құрылуы мүмкін. Оған қоса өңір басшылығы бизнес өкілдеріне өз жұмыстарын жалғастыру үшін қаладан 13 сауда орнын ұсынып отыр. Өртке қатысты жағдай үкіметтің тікелей бақылауында. Ал өрттің шығу себептері мен шығын мөлшері әлі белгісіз. Оқиға орнында сарапшылар жұмыс істеп жатыр.

Ал сауда үйінің басшысы ғимарат заң талаптарына сәйкес болғанын, бірінші кезекте қауіпсіздікке мән берілгенін айтты.

"Біздің ғимаратты жылына екі рет өртке қарсы қызмет мамандары тексеріп отырды. Иесі ретінде мен әрқашанда бірінші кезекте қауіпсіздікті ойлап келдім. Бізде барлығы заңға сәйкес болды. Мен сауда орталығын құру үшін 10 млрд теңгеден астам қаржы жұмсағанмын. Қазір банктің өзіне 500 млн теңге қарызбын. Оған қоса ғимарат сақтандырылмаған. Несие берген банкте бұл ғимарат кепілде тұр. 30 жыл бойы құрған бизнесімнен бір күнде айрылдым. Мен кәсібім атадан балаға мұра боп қала ма деп ойлайтынмын. Қазір басымда тек кредитім қалды", - дейді "Ақшың" сауда үйінің басшысы Марат Құрманбай.

Сондай-ақ ол тілсіз жаудан кәсібін жоғалтқан кәсіпкерлерге басу айтты.

"Мен сіздерді жақсы түсінемін, осы кәсіп жалғыз табыс көзі болған шығар. Бұл басымызға түскен ортақ қайғы, мен сіздермен біргемін", - деді кәсіпкер.

Еске салсақ, 6 ақпанға қараған түні Семейдегі ірі сауда орталығында өрт шықты. Түнгі сағат 2:29-да оқыс оқиға орнына келген өрт сөндірушілер бірінші қабатта эскалатор маңындағы бутиктер жанып, екінші қабатқа таралғанын анықтады. Өрт сөндіру жұмыстары бірнеше сағатқа жалғасты. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Автор: Елжан Нұрболат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060007-semeide-zalyn-sarpygan-sauda-uiinin-iesi-zyldar-boiy-qurgan-biznesimnen-bir-kunde-airyldym/

pixel