"Жаза қатаңдатылады": Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қазақстанда қызметтік борышын орындау барысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған адамдарға жаза қатаңдатылмақ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі қызметтегі адамдарға қарсы бұл әрекеттерді мүлдем адамгершілікке жат және заңсыз деп санайды және заң шығару саласының құралдарын қолдана отырып, медициналық персоналды қорғауды күшейтуге ниетті.
"Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік борышын орындау барысында медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін Қылмыстық кодекске жекелеген норманы енгізуге бағытталған түзетулерге қайта бастамашылық жасайтын болады.
Ұсынылған нормалар Қылмыстық кодекс олардың кәсіби міндеттерін құрметтеудің маңыздылығын көрсете отырып, медициналық персоналды қорғауды едәуір күшейтуге арналған. Жақын арада дайындалған заңнамалық түзетулер құқық қорғау және мүдделі органдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобында талқылау үшін ұсынылатын болады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 27 қаңтарда желіде Қарағандыда ер адамның жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан сәтінен видео тараған еді. Өңірлік полиция өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жедел жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен ер адамның анықталғанын хабарлады.
Кейін оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдіріп, зардап шегушінің жағдайын айтты.
Бұл оқиғаға қатысты Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та пікір білдірді.
29 қаңтарда күдіктіге іздеу жарияланғаны белгілі болды.
Сондай-ақ мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев жедел-жәрдем қызметкерін соққыға жыққан ер дамды тез арада табуды және оның сотын ашық жүргізуді талап етті.
1 ақпанда Бас прокуратура күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
Кейінірек Ішкі істер министрлігі күдіктінің ұсталған сәтінен видео жариялады.
Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты деген күдікпен ұсталған Нұрболат Дәкебаевтың қазақстандықтарға жасаған видеоүндеуі пайда болды. Ол үндеуінде бәрінен кешірім сұраған.
Жәбірленуші оған кешірім бергенімен, тергеу соты күдіктіні сырттай екі айға қамау туралы прокурор шағымын қанағаттандырған.
11 ақпанда Ақмола облысында да жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалды. Бұл оқиға Щучьедегі жанармай құю бекетінде болған. Полицейлер шабуыл жасаған адамды ұстады.
Жанар-жағар май құю бекетінде болған шабуылдан кейін жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бурабай көпсалалы ауданаралық ауруханасының қабылдау бөлмесінің көмегіне жүгінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060581-densaulyq-saqtau-ministrligi-medicinalyq-qyzmetkerlerge-sabuyl-zasagany-usin-zazany-qatandatpaq/