Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маңғыстаудағы жартасқа ойып жазу қалдырған ақтөбелік экс-шенеунік қайтадан басшылық қызметке келді

Опубликовано:

Манас Көшербаев
Манас Көшербаев. Фото: facebook.com/МанасКошербаев

Маңғыстаудағы Ыбықты-сай шатқалына ойып жазу жазып, қызметінен кеткен Манас Көшербаев тағы да мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындалды. Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов әрекетімен желіде шу тудырған қызметкердің аудандық мәдениет үйіне директор болғанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Лауазымды қызметкер өткен жылы қоғамдағы резонанстан кейін өз еркімен арыз жазып жұмыстан кеткен еді. Манас Көшербаевтың жаңа қызметіне қатысты аудан әкімі пікір білдірді.

"Иә, Көшербаев конкурсқа түсті, қасындағы екі үміткердің басшылық қызметтегі жұмыс стажы жетпеді. Комиссия шешімімен Көшербаев мәдениет үйі директорлығына тағайындалды", - деді Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов.

Байғанин аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Роза Айтжанованың айтуынша, аталмыш лауазымға үміткерлерге басшылық қызметте 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болу керек деген талап қойылған.

"15 ақпанда конкурс жарияланды. Ол кісі өзі конкурсқа құжаттарын тапсырды. Бұл қызметке конкурсқа үш адам қатысты – Манас Көшербаев және ауданның екі азаматы. Бірі аудандық мәдениет үйінде хор жетекшісі болып жұмыс істейді. Екіншісі – балабақшада музыка жетекшісі. Ол екі адамның еңбек өтілі қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан жерден басталады. Комиссияға салған уақытта ол екі жігіттің құжаттары талапқа сай болмай шықты. Сондықтан Көшербаевтың құжаттары өтті. Ол 6 наурыздан бастап қызметке тағайындалды", - деді Роза Айтжанова.

Еске салайық, Манас Көшербаев осыған дейін Ақтөбедегі Қазақ зағиптар қоғамының қалалық мәдериет үйінің директоры қызметін атқарды.

Өткен жылы оның Ыбықты-сай шатқалын қашап жазу қалдырған сәтінен видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің сынына қалды. Мәдениет үйінің директоры кейін кешірім сұрап, видео-үндеу таратты. Кейін қызметінен өз еркімен кеткені хабарланды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2070003-mangystaudagy-zartasqa-oiyp-zazu-qaldyrgan-aqtobelik-eks-seneunik-qaitadan-bassylyq-qyzmetke-keldi/

pixel