Ақтөбеде анасы мен баласын өз үйінде өлтіріп кеткен: күдіктінің кінәсі сотта дәлелденді
Жарияланған күні:
Ақтөбеде шырт ұйқыда жатқан жерінде кісі қолынан қаза болған әйел мен ұлының өлімі және жасөспірім қызының пышақ жарақатын алу оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Тергеу изоляторында қайтыс болған күдіктінің кінәсі сотта дәлелденді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылған үкімді тыңдауға айыпталушының қорғаушысы мен зардап шегушінің туыстары қатысты. Күдіктіге екі бірдей баппен айып тағылған болатын. Іс Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Қарақшылық) және 99-бабы 2-бөлігі, 1 және 14-тармағы (Адам өлтіру) баптары бойынша қаралды.
"Сот отырысында тараптар тыңдалды, куәгерлерден жауап алынды. Кәмелетке толмаған жасөспірім қараңғыда ер адамды көргенін айтты. Балкон арқылы пәтер ішіне жарық түсіп тұрған. Ол қара киім киген адам болған. Сонымен бірге сот отырысында көшедегі бейнебақылау камерасының жазбасы талқыланды. Қаза болған сотталушы сол маңда бірнеше рет жүрген. Сотталушы қылмыс жасаған соң үйіне келіп, киімін жуып тастағаны анықталды. Велосипедпен үйіне бара жатқанда құлағаны белгілі болды. Бұл тергеу кезінде жазылған бейнематериалдан анық көрінді. Ол кінәлі деп танылды. Бірақ жаза тағайындалмайды", - деді судья Жәнібек Сейтжапаров.
Сотта жәбірленуші тарап үш азаматтық арыз түсіргені айтылды. Сотталушыдан 10 млн теңге өндіру туралы талап қойды. Жерлеу рәсіміне кеткен 800 мың теңге материалдық шығынды өндіруді де сұрады. Бірақ судья жәбірленуші тараптың қандай да бір құжат тапсырмағанын айтты.
"Сотталушының қайтыс болғанына байланысты сот азаматтық арызды қанағаттандырмайды", - деді судья.
Еске сала кетейік, оқиға 2023 жылдың 28 наурызында болған еді. Күдікті жұмыстан кейін сыра ішкен. Ол Ақтөбе қаласы Жеңіс көшесінен өтіп бара жатып, ашық тұрған балконнан үйге кірген. Пәтерге кіріп, бағалы зат, ақша іздейді. Оянып кеткен үй иелерін бірнеше жерден пышақтағаны айтылды. Екі жәбірленуші көп қан кетіп, оқиға орнында қаза тапты. Аман қалған жасөспірім қыз телефонның блокқа қоятын нүктесін алты рет басып, SOS көмек сұрау белгісін береді. Қоңырау төтенше жағдайлар қызметіне бірнеше рет түскеннен кейін ғана көмек жеткен.
Анасы мен туған ағасынан айрылған жасөспірім қазір әжесінің қасында.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077328-aqtobede-anasy-men-balasyn-oz-uiinde-oltirip-ketken-kudiktinin-kinasi-sotta-daleldendi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.