Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында екі күн ұйықтамай бөгет бекіткен азаматтар ауылды тасқын судан аман алып қалды

Опубликовано:

Амангелді ауылының азаматтары
Амангелді ауылының азаматтары. Фото: ауыл тұрғындарынан

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылының азаматтары бірнеше күнді ұйқысыз өткізді. Жанкешті еңбектің арқасында ауыл тасқын судан аман қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ауыл тұрғындары түгел қарғын суға қарсы жұмыс істеген. Құтқару жұмыстарына ауылдың азаматтарынан бастап, келіншектеріне дейін атсалысты.

18 жастағы бозбалалардан бастап, 60 жастағы азаматтардың өзі аяғынан тік тұрып құтқару жұмыстарына қатысқан. Сайда орналасқан ауылға өзен суынан бөлек қырдан келетін еріген қар суы да қауіп төндірген.

Амангелді ауылы
Амангелді тұрғындары. Фото: ауыл тұрғындарынан

"Амангелді – судың ортасында тұрған ауыл. Ауылымыз сайда орналасқан. Бізге Ойыл өзенінен бөлек қыр суы да келеді. Биыл күннің тез жылуынан қауіп жоғары болды. 29 наурыздан бастап Ойыл өзені тасыды. Ауыл жігіттері болып үш-төрт күн бұрын дайындалып отырдық. Ауылдағы су шаруашылығы мекемесінің шынжыртабан техникасымен алдын ала қарап қайтқан едік. Соның арқасында жұмыс дер кезінде қолға алынды. Судың биіктігі 2,5-3 метрге дейін жетті. Бір шақырым дамбаны жігіттер күзетіп, әлсіз жерін мықтап, ауылды аман алып қалды. Өткен жылы ақтөбелік кәсіпкерлердің демеушілігімен қырдан келетін суды ұстап қалатын дамбы салынды. Бірақ сол дамбының өзі кешегі тасқында шыдас бермеді. Әр жері тесіліп, қауіп төндірді. Жігіттердің арқасында ауылға су кірмеді. Олардың еңбегі зор. Кірпік ілмей жасалған жұмыстары нәтижелі болды. Олар соңына дейін тұрды", - дейді Амангелді ауылындағы мектеп мұғалімі Мейірім Әбдірзақ.

Амангелді ауылы
Амангелді ауылы. Фото: ауыл тұрғындарынан

Айтуынша, ауыл азаматтары бірінші қырдан келген қар суына бөгет болған. Кейін арнасынан тасыған Ойыл өзенінің суын ауылға кіргізбеуге күш салды. Ауылдың жүзге жуық азаматы бөгеттерді бекіту жұмыстарына жаппай жұмылған. Келіншектер ас әзірлеуден бөлек, қапшыққа құм толтыру жұмыстарына да көмектесті.

Амангелді ауылы
Амангелді тұрғындары. Фото: ауыл тұрғындарынан

"Округке төрт ауыл қарайды. Амангелді, Көптоғай, Қарасу, Шұбарши. Көктемгі су тасқыны кезінде Ойыл өзенінің жайылмасында орналасқан төрт ауылға да қауіп төнді. Техника болды. Дегенмен жұмыстың дені ауыл жастарының көмегімен атқарылды. Бөгет бекіту, қапшыққа құм толтыру жұмыстарына түгелдей атсалысты. Жігіттері екі күн ұйқысыз жұмыс істеп, ауылды аман алып қалды. Қазір су деңгейі түсті, қауіп сейілді. Ауылда 105 үй болса, әр үйден жігіттер шықты. Көптоғай, Амангелді ауылдарында халық түгел шықты. Бізге үш жылдан бері көп көлемде су келеді. Ауылдың жігіттері көктемде дайын тұрады. Ауылдың чатына "Жігіттер бекіту жұмыстарын жасайық" дегеннен жұмысқа кіріседі. Екі күн бойы түнімен кезекшілікте тұрдық. Жігіттер шаршаған кезде аудан орталығынан еріктілерді шақырдық. Олар ауыл жігіттерін ауыстырып, кезекшілікке тұрды. Тамақ мектепте ұйымдастырылды. Бөгет басында мал сойып, сол жерде тамақтанған кездер болды... Техника бара алмайтын жерге қолмен тасыдық. Бір ауылдың өзінде 7 мың қапшық топырақ қапталды", - деді Көптоғай ауылдық округінің әкімі Ерлан Асылбаев.

Амангелді ауылы
Амангелді ауылының тұрғыны. Фото: ауыл тұрғындарынан

Еске сала кетейік, Ойыл ауданы Ақтөбе облысындағы төтенше жағдай жарияланған аймақтардың бірі. Ауданда Қаратал, Екпетал және Ақкемір ауылдарын су басты. Аймақта 318 үй суда қалды. Су ағысы бойындағы қауіп жоғары болған екі ауыл тасқыннан аман қалды. Көптоғай ауылында 150, Амангелдіде 105 үй бар.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында су тасқыны қаупі әлі сейілген жоқ. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың әлеуметтік желідегі жазбасына сүйенсек, облыс бойынша су тасқыны кезінде 92 үй қирап, 792 үйді су басты. 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тасқын кезінде 20-дан аса әлеуметтік нысан бүлінді. Тасқынға тосқауыл болу үшін жеке құрамнан 3140 адам, 664 техника, жалпы барлық күш жұмылдырылды.

Облыстың бес ауданында, Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Қауіпті аймақтарда су сору, тазалау, тоқтату жұмыстары жүруде.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079929-aqtobe-oblysynda-eki-kun-uiyqtamai-boget-bekitken-azamattar-auyldy-tasqyn-sudan-aman-alyp-qaldy/