"Майқайыңалтында" карьерге құлаған автобус оқиғасы: жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді
Жарияланған күні:
Читать на русскомАстанада сот "Майқайыңалтын" АҚ-ның жауапты тұлғаларын автобус апатына кінәлі деп танып, шешім шығарды. Бұған дейін компания өкілдері жазатайым оқиғаға қатысы жоғын айтып, кінәні мойындамаған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ елордалық сотқа сілтеме жасап.
Сот 2024 жылғы 4 қаңтарда "Майқайыңалтын" АҚ Майқайың жерасты кенішінің аумағында "КӘАҚҚ" ЖШС қызметкерлері автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткенін, екі адам қаза тауып, қалған екеуі жоғалғанын еске салды.
"Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексінің 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды.
Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасап, оған жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсі бар екені анықталды" , - делінген хабарламада.
Орын алған жазатайым оқиғаға байланысты "Майқайыңалтын" АҚ қатысы жоқ екенін айтып, дауласқан.
Істі қарау кезінде сот тау-кен массасының кеңістікке құлауы салдарынан топтық жазатайым оқиғаның себептеріне мыналарды жатқызды:
- "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылауды тиісінше жүзеге асырмай, жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы.
- Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды пысықтау кезінде опырылу процесін тиісті деңгейде бақыламау.
- Талапкердің кен қазбаларын пысықтау кезінде қазба бірліктерін (блоктарын) жетілдіруге арналған жобалары болмаған (әзірленбеген).
"Жазатайым оқиға жұмыс уақытында "КӘАҚҚ" ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде болған.
"Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100 пайыз кінәсі бар деп танылды", - деп мәлім етте Астана соттары таратқан хабарда.
Осыған байланысты сот Еңбек комитеті мен ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты. Сот ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетін тиісті емес тұлға ретінде таныды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.
"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы ТЖ
Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді.
Автобуста 4 адам болған. Олар – "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі. Қаза болған екі қызметкердің денесі жер бетіне шығарылса, қалған екі қызметкерді іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Бұл оқиғадан соң Павлодар облыстық полициясы "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы апатқа қатысты тергеуді бастады.
Жақында тергеу қорытындысы жарияланды. Комиссия жауапты 7 адамды анықтады. Еңбек заңнамасына сәйкес, тергеу материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.
Кеше "Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан құтқарушының қызы видеоүндеу жасап, уәде етілген материалдық көмек толығымен көрсетілмегенін мәлімдеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086109-maiqaiynaltynda-karerge-qulagan-avtobus-oqigasy-zumys-berusinin-kinasi-daleldendi/