Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қай әйел ауыр жұмыс істегісі келеді дейсіз": желіде танымал болған астаналық краншы әйел туралы не білеміз

Опубликовано:

Забира Ешпаева
Фото: Жеке мұрағатынан

Күнделікті жұмысын видеоға түсіріп, оны TikTok желісінде жариялап жүрген краншы, алты баланың анасы Забира Ешпанова желі арқылы бір күнде танымал болып шыға келді. Таяуда 47 жастағы келіншектің 100 метр биіктіктен түсірген кезекті видеосы желідегілерді тәнті етті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат берген краншы әйел мамандығының қызығы мен қиындығы, өмір жолы мен отбасы туралы аз-кем айтып берді.

Ол краннан түсірілген видеоның осыншама көп адам көреді деп күтпегенін айтады.

"Ұлым – TiкTok желісінің белсенді пайдаланушысы. Блогер болуды армандайды, денсаулық жағдайына байланысты көбіне үйде. Қатерлі ісікті бірге жеңіп шыққанбыз. Блогер болу деген мақсатым жоқ, ұлым TikTok-та жасаған видеомды осынша адам көрді, осынша жазылушы жиналды деп қуанып жүреді. Оған мотивация болсын деп, екеуміз жарысайық дегенмін", - дейді ол.

Айтуынша, мұндай видеоны ол жиі түсіреді.

"Кранның бір жері сынып тұрса, соны меxаникке видеоға түсіріп жібереміз. Солай түсіріп жібергенмін. Механик қазақ тілін онша түсінбейді. Сол үшін орысша сөйлегенмін. Желідегілер қазақша сөйлемегенімді сынап жатыр екен", - дейді краншы.

18 жылдан бері кранның тізгінін ұстаған Забира Ешпанова – Қызылорда өңірінің тумасы. Жоқшылықтың тауқіметін көп тартқан ол өмір жолының оңай болмағанын тілге тиек етіп, сырын ақтарды.

"Жасым қырық жетіде, Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасымын. Өмірде көп қиындық көрдім. Әкемнің ішімдікке құмарлығы болды, содан да тұрмысымыз онша жақсы болмады. Еңбекке ерте араласуыма тура келді. Үйдегілерге салмақ салмайын деп, ерте тұрмысқа шықтым. Он сегіз жасымда күйеуіммен танысып, екеуіміз отбасын құрдық. Саудадан тапқан табысымыз жақсы болды. Төрт баланы өмірге әкеліп, үй салып жатқан едік, сол кезде жолдасым бізді тастап кетіп қалды. Басқа әйелге үйленетінін айтты. Үйді салуға 110 мың теңге қарыз алған екен. Қалай өтеймін деп қиналдым. Бір кісіден Астанада гүл отырғызатын жұмыс бар екен, елу мың теңге айлық береді екен деп естіп, ақша табамын деп, Астанаға келдім. Бірақ келгенімде қыс уақыты болатын, гүл егу деген жұмыс жоқ, мұндай уақытта болмайды екен. Ақша табу үшін құрылыс саласындағы ауыр жұмысқа жегілуіме тура келді. Қазақтың әйелдері мықты ғой, біз ана болсақ, баламызды асырау үшін бәрін істей аламыз. Алғашында тұрғын үйдің ішкі жұмыстарында сылақшы болып істедім. 2006 жылы алғаш рет кранның тізгініне отырдым, содан бері 18 жыл бойы краншымын. Асымызды адалынан табуға мүмкіндік болғанына шүкіршілік етеміз", - дейді краншы.

Забира Ешпанова көпшіліктің "краншы кәсібі ауыр емес пе?" деген сұрағына жауап берді.

"Кез келген әйел үйде бала-шағамен отырғысы келеді ғой. Күйеуі толық қамтамасыз етіп, балаларды асыруына мүмкіндік болса, қандай әйел осындай биіктікте жүріп, ауыр жұмыс істегісі келеді дейсіз? Мен алты баламды асырауым керек, сол үшін жақсы табысы бар жұмыс іздедім. Бірінші күйеуім де, екінші күйеуім де балаларына көмектеспейді. Сондықтан өзім отбасымды осылай асырап келе жатырмын. Қазір құдайға шүкір тұңғыш қызымды ұзаттым. Кейінгі балаларым да жайлап жұмыс істеп жатыр. Осы кранның арқасында, адал еңбектің арқасында жақсы өмір сүріп келеміз", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091089-qai-aiel-auyr-zhumys-istegisi-keledi-deisiz-zhelide-tanymal-bolgan-astanalyq-kranshy-aiel-turaly-ne-bilemiz/

pixel