Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкесінен, ағасынан көмек сұрағаны жөн": психолог тұрмыста зорлық-зомбылық көріп жүрген әйелдерге кеңес берді

Опубликовано:

Серікгүл Сәли
Серікгүл Сәли. Фото: Әлеуметтік желідегі парақшасынан

Соңғы кезде әйелге қол көтеру жағдайы жиілеп кетті. Ұлттық статистика бюросы дерегінше, 2023 жылы құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мың шағым түскен. Бұл соңғы бес жылдағы көрсеткіштерден үш есе көп. Осы ретте KAZ.NUR.KZ тілшісі психолог Серікгүл Сәлиден зорлық-зомбылық құрбаны болып жүрген әйелдерге қандай кеңес беретінін сұрап білді.

Серікгүл ханым, қоғамда күйеуінен қанша қорлық көрсе де, қарым-қатынасын бұзып, кете алмай жүрген әйелдер бар. Оны қалай түсінуге болады? Құрбан өзіне қол көтеретін, қорлайтын, азаптайтын тиранды жақсы көруі мүмкін бе?

Абьюзер отбасын құра салып, ауыр соққыға жықпайды. Отбасында ұрыс-керіс басталғанға дейін бақытты сәттер де болады, әйелдер сол сәттерді ойлап, мүмкін қайтадан бақытты болып кетерміз деп күтеді. Басынан бастап агрессия көрсетсе, мұндай адамнан бәрі қашар еді. Бірақ ол қысым мен азаптауды аз-аздан көбейтіп отырады. Құрбан жағдайдың асқынып кеткенін байқамай қалады. Әйелдің назары тиранның манипуляцияларында болады. Күйеуі оған түсінігі мол әйел емес екенін айтып отырады, жағдайға әйелді кінәлайды, ал әйел осы манипуляцияның жетегінде кетіп, бәріне өзін кінәлауы мүмкін. Оған қоса, күйеуі әйелінің аяныш сезімін оятуға тырысады. Құрбан-құтқарушы схемасы үнемі бірге жүреді, ол күйеуін құтқарғысы келеді.

Ал әйеліне қол көтеретін ер адамдардың әрекетін психологиялық тұрғыда қалай түсіндіресіз?

Мұның екі себебі болуы мүмкін. Біріншісі – бала кезде алған психологиялық соққы. Бала кезінде өзін немесе анасын қорғай алмаса, қатігез адамға, агрессорға айналуы мүмкін. Екінші жағдай – әлеуметтік статусын жоғалту. Психо-сексуалды тұрғыдан адам бірнәрсені қалап, ие бола алмай қалса, қанағаттанбау сезімі болады. Мысалы ол үлкен статуста болып, одан айырылып қалса, ол мұны қоғамның әділетсіздігі деп бағалайды. Өзінің өмірінде болған жайтқа реакциясын, риза емес екенін жақындарына агрессия таныту арқылы көрсетеді. Адам жетістікке жеткен кезде псиxо-сексуалды жағынан дамиды, өседі. Ал бір нәрсеге қол жеткізе алмай қалса, псиxо-сексуалды тежелу болады. Осындай псиxо-сексуалды тежелудің кесірінен адамның сексуалдық қалаулылары өзгеріп кетуі де мүмкін. Оған қоса, басынан өткен жағдайға қоғамды кінәлау, соның кегін алуға тырысу, айналасына зиян туғызуға ұмтылыс пайда болады.

Абьюзерден кете алмай, қорқыныш құрсауында жүрген әйелдерге қандай кеңес бересіз?

Мұндай типтегі ер азаматпен қарым-қатынаста болғанда маман көмегіне жүгіну керек. Әйел оның псиxологиясын түсініп, жалпы табиғатын танып, соған сай әрекет етсе ғана одан ауыр салдарсыз құтыла алады. Әйелдің өзіне сенімділігі өте маңызды. Өйткені мұндай ер азаматтар әйелдің бойынан әлсіздікті сезсе, қысым мен соққыны жиілетіп, күшейіп алады. Эмоциялық тербеліске түспейтін адамнан қашады. Сондай-ақ әйел өзінің айналасындағы ер адамдардан көмек сұрауы керек. Әкесінен, ағасынан көмек сұрап, солардың қамқорлығында екенін көрсетуі керек.

Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093618-akesinen-agasynan-komek-suragany-zhon-psiholog-turmysta-zorlyq-zombylyq-korip-zhurgen-aielderge-kenges-berdi/

pixel