Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алакөл жағасын қоңыз басты (видео)

Жарияланған күні:

қоңыздар
Алакөл жағасындағы қоңыздар. Фото: тұрғындардың жеке мұрағатынан

Абай облысында қоңыз қаптап, далалық жерді отап жатыр. Зиянкестер жаңа көктеп келе жатқан шөптің түгін қалтырмаған. Туристер көп келетін Алакөл жағасы да қоңызға толып кеткен. Жергілікті тұрғындар зиянкестердің қайдан ауып келгенін түсінбей отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мақаншы ауданының тұрғындары жаз басталмай жатып әуре-сарсаңға түсті. Олардың айтуынша, зиянкестер жайылым жерлерді отап тастаған. Жұрт жапырақ қоңыз тұқымдасына жататын зиянкестердің қайдан ауып келгенін түсінбей отыр.

"Міне, қоңыздар. Даладағы шөпті жеп жатыр. Не қоңыз мынау? Мал аяғы баспаған жердің бәрін жеп жатыр", - дейді тұрғындар.

Олардың айтуынша, қоңыздан қалған шөпті жеген төрт-түлік те уланып жатқан көрінеді. Алайда аудан әкімдігіндегілер мал шығынын жоққа шығарды.

"Жылқылар ауырып жатыр деген ақпарат бойынша мониторинг жасадық. Ол үшін мал дәрігерлері, әкімдіктің мамандары жұмылдырылды. Шағантоғай мен Еміл өзенінің ортасын. Бұл жерде қоңыздың еш қатысы жоқ. Зиянкестің салдарынан ауырған мал тіркелмеді", - дейді Үржар аудандық аумақтық инспекцияның бас маманы Айдын Жыланбаев.

Есесіне туристер көп келетін Алакөлдің жағасын қоңыз басып кеткенін жоққа шығармады. Қазір мамандар далалық жерлерді улауға кірісті. Олар апта соңына дейін 35 гектар алқапты залалсыздандырмақ ниетте.

"Термогенератормен ылғалды дезинфекция жасадық. 25 минуттан кейін нәтижесін көрдік. Бәрі өлді", - деді Үржар аудандық дезинфекция медицина мекемесінің маманы Шолпан Ахметова.

Сондай-ақ мамандар зиянкестерден төрт-түлік пен адамға қауіп жоқ екенін алға тартты. Олар Алакөлдің жағалауы мен далалық жерге толық дезинфекция жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Автор: Елжан Нұрболатов

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099756-alakol-zhagasyn-qongyz-basty-video/