"Өз проблемамызбен қалдық": ақтөбеліктер су тасқынынан келген залалды анықтау комиссиясының жұмысына риза емес
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласында су тасқынынан кейін тұруға жарамсыз үйлердің саны артты. Өңірде залалды анықтау комиссиясының жұмысына шағым келтіріп жатқандар аз емес, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласында су тасқыны кезінде мектептерге эвакуацияланған саяжай тұрғындары үйіне көшіп келіп жатыр. Арнайы тексеру комиссиясы бекіткен шығын бағасына келіскендер де, келіспей шағым түсіріп жатқандар да бар.
"Менің үйіме Алматы ауданы әкімінің өзі келді. Комиссия келгенше ештеңені қозғамағанбыз. Тасқын кезінде сумен бірге үйге балшық, құм кірді. Аудан әкімі жердегі құмды көрсетіп "мынау шаң, бұл үйге қазір келіп тұруға болады" деді. "Інім, сен осы үйге отыршы, мен сенің үйіңе барып тұрайын" дегенімде қолын сілтеп кетті. 3,8 млн теңге шығын есептеп берді. Түкке жетпейді. Мен осыны айтып, әкімдікке барсам "бұл сенің үйің емес, сен даулай алмайсың, үй әкеңнің атында" дейді. 80 жастан асқан әкем әкімдік жағалап жүре алмайды. Қазір өз проблемамызбен қалдық. Үйдің іргетасы отырды, қабырғасы ажырап кеткен жерлер бар. Әйелім әктеп қойды. Әкемнің бөлмесін тазартып бердім. Мүгедек балам жатақханада, қалғанымыз үйде жүрміз. Жатақханада жата беру мүмкін емес. Үйдегі шаруамыз қалды. Тегін тамақ береді деп жатақханада қашанғы жатамыз. Үйге оралып, тірлік жасап жатырмыз. Ылғал иіс қолқаны қабады, бірақ амал жоқ",- деді АЗФ-6 бау-бақша ұжымының тұрғыны Мұратбай Әбдібақиев.
Саяжай тұрғындары пайдаға асатын заттарын кептіріп жүр. Үйлеріне әлі толық орналасып болмаған. Су кірген үйлердің қабырғалары ылғал күйінде тұр. Ұстасаң үгітіледі. Кейбірі едендерін ашып қойған.
"Үйіме тізеге дейін су кірді. Басқалар саяжайдағы үйшік дейтін шығар. Өзіме – отбасыммен тұрып жатқан баспана. Өзім бөлме қосып, құрылыс жүргізіп, үй қылып алдық. Құжаты әлі дұрыс емес. Кешегі су тасқыны кезінде бір апта суда тұрды. Қазір қолымыздан келгенше әктеп қойдық. Бұйырса осы аптада үйімізге көшеміз. Екі айдан аса уақыт мектепте, жатақханада жаттық. Үйімнің бүлінген жеріне комиссия 1,9 млн теңге шығынды есептеп берді. Ақша түсті. Әлі жұмсаған жоқпын. Есіктің алдына дәліз салып алғым келеді. Қасымда ағам, інім бірге тұрамыз. Барға қанағат, біздің шағым айтып жүретін жағдайымыз жоқ",- дейді "Жеңіс" бау-бақша ұжымының тұрғыны Амангелді Мыржақыпов.
Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласы бойынша 3594 үйге су тасқыны кезінде зақым келгені белгілі болды. Оның 363-і жеке үй, 3231-і саяжайдағы баспаналар. Ақтөбе қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 2731 үйге техникалық тексеру жасалды. Оның ішінде 2516 үйге бағалау жұмыстары жасақталып 172 тұрғын үйі жарамсыздығы анықталды. Зардап шеккен тұрғындар арасында комиссия шешімімен келіспей, шағым түсіріп жатқандар бар.
"Комиссия шешімімен келіспеген жағдайда тұрғын қайта қарауға екінші мәрте өтініш бере алады. Екі қайтара қарайды. Ал екінші реттен де келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылы. Кеше жұмыс күнінің соңына дейін 31 адам келіспейтінін жазып, екінші рет тексеруге өтініш білдірді", - деді Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша 501 отбасына 2 млрд 229 млн 508 мың теңге өтемақы төленді. Сонымен қатар біржолғы 300 мың теңгелік жәрдемақыны 3166 отбасы алды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2115411-oz-problemamyzben-qaldyq-aqtobelikter-su-tasqynynan-bolgan-zalaldy-anyqtau-komissiiasynyng-zhumysyna-riza-emes/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.