Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өткен аптада 95 жағдай тіркелді": Қазақстанда балалардан көкжөтел анықталып жатыр

Опубликовано:

жөтел
Ауру белгілері. Көрнекі фото: pixabay.com

Өткен аптада 95 қазақстандыққа көкжөтел диагнозы қойылған. Аталған сырқатпен ауру деңгейі бойынша Астана қаласы, Алматы облысы және Қарағанды облысы көш басында. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен хабарлады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бүгінге дейін көкжөтелдің 1353 жағдайы тіркелген. Бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 6,8 деген көрсеткішті көрсетеді.

"Өткен аптада, яғни, 30 мамырдан 6 маусымға дейін көкжөтелдің 95 жағдайы тіркелді, алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттану төрт жағдайға азайғаны байқалады. 23-29 мамырда 99 жағдай тіркелген. Ауырғандардың 98 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 91 пайызы - бес жасқа дейінгі балалар", - дейді олар.

Комитеттегілердің сөзіне қарағанда сырқаттанғандардың көбі – вакциналанбаған балалар.

"Ауырған балалардың 90 пайызы вакцина алмаған. 60 пайызы – вакцинадан бас тартуға байланысты екпе алмағандар, 28 пайызы – медициналық кейінге шегеру бойынша екпеден тыс қалған, 12 пайызы – егу мәртебесі белгісіз балалар", - делінген хабарламада.

Санитар мамандар көкжөтел елдің барлық өңірінде тіркеліп жатқанын айтады. Мәселен жыл басынан бері Астанада 361, Алматы облысында 191, Қарағанды облысында 168 жағдай белгілі болған.

Ал Алматы қаласында 2024 жылдың бес айында 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 62 расталған жағдайы тіркелген.

"Ауру ошағында байланыста болған 334 адам тексерілді, нәтижелері – теріс. Байланыста болғандарға емханалардың медицина қызметкерлері медициналық бақылау орнатты", - дейді Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы.

Маман аурудың басты белгілерін де айтты. Оның сөзінше, көкжөтел әсіресе жасқа толмаған сәбилерге қиын.

"Біріншіден, балада қарапайым суық тию белгілері пайда болады: мұрыннан шырыш ағу, дене қызуы, қалыпты жөтел. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстамалы жөтелге айналады. Осы әлсірететін жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылады, оттегі ашығуы, нәтижесінде психиканың бұзылуы және әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады", - дейді Қасымхан Алпысбайұлы.

Айта кету керек, көкжөтелдің қоздырғышы ауа тамшыларымен, науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде таралады.

Дәрігерлер көкжөтел өкпенің қабынуы (пневмония), мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті екенін айтады. Оның үстіне көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмектер жоқ. Балаларды және барлық ересектерді көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – дифтерия, көкжөтел және сіреспе, полиомиелит, В гепатиті және В типті гемофильді инфекцияға қарсы біріктірілген вакцинация дейді олар. Одан әрі егу алты жасында үш компонентті вакцинамен (көкжөтел, дифтерия, сіреспе) жүргізіледі.

Қазақстанда вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және өсуге жол бермеу мақсатында биылғы жылдың бес айында 18 жасқа дейінгі 77 900 бала иммундаумен қамтылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2115075-otken-aptada-95-zhagdai-tirkeldi-qazaqstanda-balalardan-kokzhotel-anyqtalyp-zhatyr/