Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәсімовтің кешірім сұрауы: депутат мемлекетке опасыздық жасаған адам да рақымшылық сұрай алатынын айтты

Жарияланған күні:

Андрей Лукин
Андрей Лукин. Фото: Senate.parlam.kz

Сенат кулуары аясында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Президент жанындағы рақымшылық жөнідегі комиссия мүшесі, сенатор Андрей Лукин Мәсмовтің рақымшылық сұрауы бойынша іске қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Оның сөзінше, кез келген азамат қылмысы үшін кешірім сұрап, рақымшылық сұрай алады.

"Мемлекетке опасыздық жасаған адам да рақымшылық сұрай алады. Бұл – әр адамның конституциялық құқығы, ешкім оны бұл құқығынан айыра алмайды", - деді ол.

Ол сондай-ақ Мәсімов рақымшылығына қатысты комиссия мүшесі ретінде ақпарат бере алмайтынын айтты.

"Комиссия материалды қабылдап, қарастырғанға дейін ақпарат жариялауға жатпайды. Осы уақытқа дейін осы мәселеге қаралған комиссия отырысы өткен жоқ. Өтінішті қарау уақыты бекітілмеген", - деді Лукин.

Оның сөзінше, қазақстандықтардан комиссияға күн сайын өтініш келіп түсіп жатады.

"Комиссия тұрақты түрде келіп түскен өтініштерді қарап тұрады. Қазақстандықтардан рақымшылыққа өтініш келіп, түсіп жатады", - деді депутат.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов осы жылдың наурызында президенттен кешірім сұрағаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, 2022 жылғы 6 қаңтарда Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметінен босатылып, кейін ол мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.

Ал 2023 жылғы 24 сәуірде Астана сотында Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шыққанын хабарлаған едік. Ол 18 жылға сотталды. Сотта Мәсімов пен оның орынбасары Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау (175-баптың 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (179-баптың 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттігін (ҚК-тің 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы) асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2120850-masimovting-keshirim-surauy-deputat-memleketke-opasyzdyq-zhasagan-adam-da-raqymshylyq-surai-alatynyn-aitty/