Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда 7 жасар қыздың үстіне бюст құлаған саябақтағы қалған ескерткіштердің жай-күйі қандай

Опубликовано:

ескерткіштер
"Жеңіс" саябағы. Фото: KAZ.NUR.KZ

25 маусымда Атырауда "Жеңіс" саябағында орнатылған ескерткіштердің бірі жеті жастағы қыздың үстіне құлап, бала ауруханада жан тапсырған еді. Қазіргі таңда құлаған ескерткіш алынып, орны тазаланып қойған. KAZ.NUR.KZ тілшісі қайғылы жағдай болған саябақтың жай-күйін көріп қайтты.

Қайғылы оқиғадан кейін "Жеңіс" саябағында жұмысшылар көбейген. Қала тазалығымен айналысатын “Спецавтобаза” ЖШС қызметкерлері саябақтағы қоқыстарды жинауға кіріскен. Қаланы көгалдандырумен айналыстандар да гүлзарлардағы шөптерді жұлуға кіріскен. Сол маңайда жүрген бригада басшысының айтуынша, кеше кешке болған жағдайдан кейін түнгі кезекте жүрген қызметкерлер саябақты жинастыруды бастап кеткен.

тазалықшылар
Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біз келген кезде ескерткіштің айналасында халық толып жүрді, болған жайтты айтып жатты. Ескерткіш жерге түсіп, қирап қалған. Бүгін түске дейін қала әкімі және әкімдіктің қызметкерлері келіп кетті. Түс уақытында құлаған ескерткішті алып кетті", - дейді "Спецавтобаза" қызметкерлері.

"Жеңіс" саябағындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 14 ескерткіш 2020 жылы орнатылды. Қазіргі кезде сынған ескерткішті алып тастап, орнын тазалап қойған. Ескерткішті бір ғана арматурамен ұстатып қойғанын байқауға болады.

ескерткіш орны
Ескерткіш орны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Саябақтағы көп ескерткіш тозып тұр. Мысалы ардагерлер есімі жазылған тақтаның сыртындағы кафельдері түсіп қалған, ал тротуар ойылып кеткен.

сынған ескерткіш
Сынған ескерткіш. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті атқарушы орган барлық деректі жинақтап, жиналған ақпаратты құзырлы органдарға тапсырады.

"Қазіргі уақытта қала әкімінің тапсырмасы бойынша барлық бюсттің аумағы қоршалып, техникалық сараптама тағайындалады. Қалалық полиция басқармасы осы факт бойынша тергеу жүргізуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Атырау қаласының әкімі марқұмның отбасына қайғыға ортақтасып, көңіл айтады", - деді қала әкімі баспасөз қызметі өкілі тілші сауалына.

саябақ
"Жеңіс" саябағы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қала әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 14 бюстті демеушілердің қаржысына оралдық компания дайындаған. Қала басшысы өте ауыр ескерткіштің желмен қозғалып кетуі адам сенгісіз жағдай екенін айтады. Сондықтан сараптама тағайындалып, жан-жақты тексеріс жүргізілетінін алға тартты.

Айта кетейік, кеше қатты жауын кезінде ескерткіш құлап, салдарынан бір отбасының 2015 және 2017 жылы туған балалары Атырау облыстық балалар ауруханасына түскен. 2017 жылы туған қыз бала түрлі ауыр дене жарақатымен түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылды.

"Сырқатының ауырлығына байланысты тиісті ем-шаралар көрсетілгенімен пациент қайтыс болды. 2015 жылы туған пациентке жарақат бекетінде ем көрсетілді. Қол сынығына байланысты қолына гипс салынды. Амбулаториялық ем қабылдауға байланысты үйіне жіберілді", - дейді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Сабырова.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2124540-atyrauda-7-zhasar-qyzdyng-ustine-biust-qulagan-saiabaqtagy-qalgan-eskertkishterding-zhai-kuii-qandai-foto/