Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үй шаруасына араласпадым": ҰБТ-дан 140 балл алған оқушы сынаққа қалай дайындалғанын айтты

Опубликовано:

Жаннұр Еңсебек фото
Жаннұр Еңсебек: Фото: жеке мұрағатынан

ҰБТ-дан 140 балл алған Жаннұр Еңсебек Алматы облысы Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектепті "Алтын белгіге" бітірген. Ол 140 балл аламын деп ойламағанын айтады. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Жаннұрмен сұхбаттасты.

Ол наурызда өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуде 137 баллды қанжығасына байлаған. Бұл тынымсыз еңбек пен үлкен ізденістің арқасы деп отыр. Жаннұр жүйелі дайындықпен 10-сыныпта алғаш сынақ тапсырған уақыттағы нәтижесін біраз жақсартқанын айтады.

"Наурызда өткен ҰБТ-да 137 балл алдым. 10-сыныпта байқау сынағын тапсырғанда 96 балл жинағанмын. Жақындарымның үміті мен сенімі маған үлкен көмек болды. Ата-анам мені үй шаруасына араластырмай, барлығын өздері істеді. Басқа оқушылар сияқты жүйелі тапсырмамды орындап отырдым. ҰБТ-ның біріншісін тапсырғанда, 132 балл алдым, көңілім толмады. "140 балл аламын" деген үмітім өшіп, бір апта бойы дайындалмай кеттім. Жақындарым қолдау білдіріп, қайтадан күш жинап алдым. ҰБТ тапсырар алдында қатты қобалжыдым. Бірақ алдымен Аллаға, кейін өзіме сеніп тестті оп-оңай тапсырып шықтым. 140 балл аламын деген сенім болмады. Себебі информатикадан мен оған дейін 50/50 балл алып көрмеген едім. Бірақ кемінде 135-тен балл аламын деп сендім. 140 баллды көргенде қуанышымда шек болмады. Бірақ оны сыртқа шығара алмадым", - дейді ол.

Жаннұр енді ақпараттық технологиялар мамандығына тапсырмақ. Қазір ағылшын тілін қолға алып жатқанын баяндады.

"Таңдаған мамандығым – ақпараттық технологиялар. Бұйырса Сүлеймен Демирел университетіне түсемін. Мектеп кезінде ұнатқан пәндерім көбінесе жаратылыстану бағытында болатын. Олардың арасында әсіресе математиканы жақсы көремін. Бұған дейін информатикадан олимпиадаларға барғанмын. Аудандық деңгейден өтіп, облыстық деңгейден өте алмай қалғанмын. Еліміздің IT саласын дамытуға үлес қоссам деймін", - дейді Жаннұр.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, әзірге Жаннұр Еңсебек – 140 балл жинаған жалғыз түлек. Естеріңізге сала кетсек, соңғы рет ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балды Павлодар облысының талапкері 2021 жылы жинаған болатын, ал 2018 жылы Алматы қаласының талапкері жинады. Айта кететін жайт, кеше Ақмола облысы Қосшы қаласындағы №1 Рахымжан Қошқарбаев атындағы мектеп түлегі Айым Ержанова ҰБТ тапсырып, 90 баллдан 90 алды. Ол ағылшын тілі пәнінен IELTS сертификатын тапсырған, сертификаатты қабылдау комиссиясы тексеретін болады. Комиссия оң шешім шығарса, бұл түлек те 140 балл жинаған болып есептеледі.

Сондай-ақ тестілеу орталығы 502 ереже бұзушылық анықталғанын мәлімдеді. Оның ішінде 330 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 154 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 18 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.  

Еске сала кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ-дан ең жоғарғы 140 балды жинаған Алматы облысының түлегін құттықтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2126652-ui-sharuasyna-aralaspadym-ubt-dan-140-ball-algan-oqushy-synaqqa-qalai-daiyndalganyn-aitty/