Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құжатта үй деп көрсетілген": Ойыл ауданында қорасының орнына жаңа баспана сұрап отырғандар өтініші қарала ма

Жарияланған күні:

Қаратал ауылы
Қаратал ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысында тасқын су басқан Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылында қора ретінде пайдаланған үй үшін жаңа баспана сұрап отырғандар бар. Су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасы өтінішін комиссия қарап, шешім шығарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы аудан әкімі айтты.

"10 жыл қора ретінде пайдаланып келген екі үй бар. Құжатта тұрғын үй деп көрсетілген. Су тасқыны кезінде зардап шеккендіктен баспана алуға құжат тапсырды. Бірақ мұны комиссия шешетін болады", - деді Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов.

Қазір Қаратал ауылында 131 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Төрт үйдің шатыры көтеріліп, кей үйлерде ішкі жұмыстар басталды.

Әкімдіктің мәліметінше, Қаратал ауылында басында екі-үш үйі бар адамдар тұрады. Олар кезінде ауылдан көшіп кеткен туыстарының үйін өз атына аударған. Мұндай отбасылар зардап шеккен екі үйінің бірін ауылдан салдыртып, екіншісін аудан орталығынан сатып алған.

Қаратал ауылы
Қаратал ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Халық екі жыл қатарынан болған су тасқынынан қорқып қалды. Болашақта қауіп болмаса, ауыл тұрғындарының көбі қайтып келеді. Тума-туыс, малы ауылда. Әрбір адамға он сотық жер тиесілі. Аудан орталығына көшкендер келесі жылы ауыл әкіміне қайта барып, сол ауылдан жер алуға толық құқылы. Баласының атына алуы мүмкін. Әлі ешкім жерін тапсырған жоқ. Бірақ осыны сұрап жатқандар бар",- деді Саян Сүлейменов.

Ойыл ауданы бойынша көктемгі су тасқыны кезінде барлығы 328 үй суда қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 129 отбасы дайын үйге көшті.

Ауданда барлығы 175 үй салынады. Оның ішінде 131-і Қаратал ауылына. Ауылдың шетіндегі үйлері суға кеткен тағы бес ауылда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2126904-quzhatta-ui-dep-korsetilgen-oiyl-audanynda-qorasynyng-ornyna-zhanga-baspana-surap-otyrgandar-otinishi-qarala-ma/