Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде лауазымды тұлғаның ұлы әкесінің қызметтік көлігін алкогольге масаң күйде жүргізген

Жарияланған күні:

Көліктің іші
Көліктің іші. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе сотында облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтың ұлы әкесінің Toyata Hilux маркалы қызметтік көлігін алкогольге масаң күйде басқарғаны дәлелденді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Оқиға 29 маусымда сағат 00:05 шамасында болған. Портал тілшісіне полиция департаменті өкілдерінен бұл оқиға туралы мәлімет алу мүмкін болмады. Есесіне Ақтөбе облыстық сотындағылар ақпаратсыз қалдырмады. Сот қаулысына сүйенсек, қызметтік көлікті тізгіндеген ер адам түн ауа моншаның алдында тәртіп сақшыларының көзіне түскен.

Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құқық бұзушыға қатысты қаулы шығарды.

"Көлік құралын алкогольге масаң күйде басқару фактісі бойынша азамат С.-ға қатысты іс Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігімен қаралды. Сот отырысы барысында жауапқа тартылушы С.-ның кінәсі сот отырысында зерттеген дәлелдемелердің жиынтығымен, оның ішінде бейнежазбамен және медициналық куәландырудың қорытындысымен расталды.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде азамат С. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ", - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдері.

Бұл оқиғаға қатысты сот кабинетіндегі мәліметке сүйенсек, Б.С. құқық бұзғанын мойындамай, алкогольдік өнімді бір күн бұрын ішкенін көрсеткен. Бірақ медициналық куәландырудың қорытындысы және істегі басқа да құжаттар арқылы жауапкердің құқық бұзу әрекеті толық дәлелін тапқан. Қаулыда судья С.Аманғалиұлы Б.С.-ның сот отырысында берген түсініктемесіне сын көзбен қарап, жауаптылықтан кету мақсатында берген түсініктеме деп танығаны жазылады.

Оқиғаға қатысты әкімшілік жауапқа тартылған азаматтың жұмыс орны – "Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау" коммуналдық мекемесінің басшысы пікір білдірді. Мекеме директоры қоластындағы қызметкердің істі болғанынан хабардар емес екенін айтты.

"Бұл азамат біздің қызметкер. Бірақ қазіргі уақытта отбасы жағдайына байланысты ақысыз еңбек демалысында. Үйін жөндеуге қатысты сұранды. Әкімшілік жазаға қатысты оқиғадан хабарым жоқ. Маған ақпарат түскен жоқ. Ол орманшы болып 2023 жылдан бері жұмыс істейді",-деді "Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау" коммуналдық мекемесінің директоры Амангелді Алтынбаев.

Ал Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов оқиғаға қатысты пікір білдіріп, аталған көлік Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевқа тиесілі екенін растады.

"Бұл көлік Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтыкі. Toyota біздің баланста емес, инспекцияның көлігі. Көлікті жүргізген қызметкер (сотты болған Б.С. - ред. ескертпесі) 28 маусымнан бастап ақысыз еңбек демалысын алған", - деді Сәбит Дүйсекенов.

Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаевтың өзі де портал тілшісінің сауалына жауап берді. Алайда ол әзірге нақты ештеңе білмейтінін айтты.

"Балам орман шаруашылығында жұмыс істейді. Қазір мен кезекті еңбек демалысындамын. Алматыда тауда жүрмін. Бір әңгіме жүріп жатыр, соны анықтаймын. Негізі көлік тұруы керек. Келген соң анықтаймын. Мен қайдан білейін. Алған болуы да мүмкін. Себебі мен жоқпын. Әркім әртүрлі айта береді. Адам басқан, адам өлтірген болмаса болды. Мен әзірге ештеңе білмеймін", - деді Әділкерей Әуелбаев.

Ал өзі тізгіндеп жүрген қызметтік көлік айыппұл тұрағында екенін естігенін айтады. Ол көлігін жөндеуге қалдырғанын алға тартты.

"Иә, менің қызметтік көлігім. Көлікті жөндеуге қалдырғанмын. Бізде әкімдіктегідей гараж жоқ. Бізге әр инспекторға бір көлік беріледі. Мен 20 жыл болды машина айдамаймын. Көлікті бір жерден екінші жерге апарған болуы керек. Мүмкін ішкен шығар. Келгенде анықтаймын. Оның айдауға қақысы жоқ. Баламның телефоны байланыс аясынан тыс жерде болып тұр. Көліктің кілті негізі үйде. Жүргізуші еңбек демалысында", - деді Әділкерей Әуелбаев.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2127537-aqtobede-lauazymdy-tulganyng-uly-akesining-qyzmettik-koligin-alkogolge-masang-kuide-zhurgizgeni-ushin-isti-boldy/