"М" және "Ж": жаңа үлгідегі жеке куәлікте қосымша деректер неге орыс тілінде жазылған
Жарияланған күні:
15 маусымнан бастап қазақстандықтар жаңа үлгідегі жеке куәлік ала бастағаны белгілі. Куәліктің көрнекі аймағында адамның өзі туралы, атап айтқанда оның жынысы туралы ақпарат көрсетілген. Құжатта жынысы туралы дерек орыс тілінде "м" (мужчина) және "ж" (женщина) әрпімен белгіленген. Айқындамалық деректердің неге орыс тілінде жазылғаны туралы KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына Ішкі істер министрлігі өкілдері жауап берді.
Ішкі істер министрлігінің өкілдері ресми жауапта құжаттың жаңа үлгісінде бұрын чиптің ішінде болған деректер жаңа үлгідегі куәліктің бетінде көрсетілетінін мәлімдеді.
"Қазақстан республикасының азаматы паспортының, Қазақстан республикасының азаматы жеке куәлігінің, шетелдіктің Қазақстан республикасында тұруына ықтиярхаттың, азаматтығы жоқ адам куәлігінің, жол жүру құжатының үлгілерін бекіту туралы" Қазақстан республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 533 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 13 маусымдағы № 491 бұйрығы бекітілді. Осыған байланысты биыл 15 маусымнан бастап Қазақстан республикасы азаматының жаңа үлгідегі жеке куәлігі әзірленіп, беріле бастады. Жаңа дизайндағы жеке куәліктің көрнекі аймағында адамның өзі туралы, атап айтқанда оның жынысы және азаматтығы туралы қосымша ақпараттар енгізілген. Бұрынғы нұсқада аталған мәліметтер құжаттың чипінде және оның машинада оқылатын аймағында кодталған түрде болған еді", - делінген жауапта.
Ведомство мәліметінше, деректер екі тілде бар, деректердің қай тілде болатыны азаматтың аты-жөнінің қай тілде толтырылуына байланысты.
"Бұйрыққа сәйкес, Қазақстан республикасы азаматының жеке куәлігі жол жүру құжаттарына (машинамен оқылатын) қойылатын халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес дайындалады және ондағы орналасқан жазулар қазақ және орыс тілдерінде жазылады. Азаматтың айқындамалық деректері, яғни аты-жөні құжатта қазақ тілінде жазылған жағдайда оның басқа деректері, соның ішінде азаматтығы және жынысы туралы мәліметтер де қазақ тілінде жазылады, ал айқындамалық деректері орыс тілінде жазылған болса, азаматтығы және жынысы туралы мәліметтер де сәйкесінше автоматты түрде орыс тілінде жазылады. Нақтырақ айтсақ, адамның айқындамалық деректері қай тілде жазылғанына қарай, сол тіл автоматты түрде таңдалып, қалған деректер де солай толтырылады", - деп жауап берді министрлік өкілдері.
Бұған дейін Қазақстанда жаңа үлгідегі жеке куәлік беріле бастағанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2127957-m-zhane-zh-zhanga-ulgidegi-zheke-kualikte-qosymsha-derekter-nege-orys-tilinde-zhazylgan/