Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова жаңа қызметке тағайындалды

Жарияланған күні:

Айжан Аймағанова
Айжан Аймағанова. Видеодан кадр: instagram.com/aimaganova_a

Бас прокуратура өкілдері Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша танылған мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова қандай қызметке тағайындалғанын айтты. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Өткен аптада Бишімбаев ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанованың шені өскені мәлім болды, ол подполковник атанған.

Айжан Аймағанованың шені өскенін Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған жаңа видеосынан оқырмандар байқап қойғанын жазған едік.

Аймағанованың қандай қызметке тағайындалғанын NUR.KZ тілшісіне Бас прокуратураның баспасөз қызметі өкілдері айтып берді.

"Ол әділет кеңесшісі шенінде мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының басшысы болып жұмыс істейді", - деп мәлімдеді прокуратура өкілдері.

Айта кетейік, Айжан Аймағанова жұртшылыққа Бишімбаев ісі арқылы танылды, желіде көпшілік оның өткір пікірлеріне тәнті болғанын жазды.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады.

Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды.

Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.

13 мамыр күні сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алқабилер алқасының үкімімен:

  • Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;
  • Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

10 маусымда Астана сотына Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым түсті.

26 маусымда елордалық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарау басталды. Сот отырысы сол күні аяқталды, судья бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2138172-bishimbaev-isinde-memlekettik-aiyptaushy-bolgan-aizhan-aimaganova-zhanga-qyzmetke-tagaiyndalgan/