Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге жеткізілді
Жарияланған күні:
Қуандық Бишімбаев уақытша ұстау изоляторынан қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге ауыстырылды. Алайда қай өңірдегі мекемеге жеткізілгені нақтыланған жоқ. Бұл жөнінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Бұл сотталған адам сот үкімі бойынша қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге ауыстырылды. Қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабына сәйкес сотталғандар бекітілген жері бойынша жазасын өтеу орындарына жіберіледі", - деп мәлімдеді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі өкілдері NUR.KZ тілшісіне.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 93-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмеді.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады.
Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.
Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды.
Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.
13 мамырда сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алқабилер алқасының үкімімен:
- Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;
- Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.
10 маусымда Астана сотына Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым түсті.
26 маусымда елордалық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарау басталды.
Сот отырысы сол күні аяқталды, судья бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2138583-bishimbaev-qauipsizdigi-barynsha-zhogary-mekemege-zhetkizildi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.