Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаевтан материалдық шығын өндіріп алу бойынша сотқа шағым түсірді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Айтбек Амангелді
Айтбек Амангелді. Видеодан кадр: ktk.kz

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевтан материалдық және моральдық шығынды өндіру бойынша сотқа шағым түсірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Іс материалдары Жоғарғы cоттың сайтындағы сот кеңсесінде пайда болды. Азаматтық талап арызында Айтбек Амангелді сотталушыдан материалдық шығынды өндіруді және моральдық шығынды өтеуді сұрайтыны жазылған. Нақты сома көрсетілмеген.

Сонымен қатар ол ата-анасын іске үшінші тұлға ретінде тарту бойынша сотқа арызданған.

"Татуласу рәсімдері іс қозғалғанға дейін жүргізілмеген, бірақ бітімгердің анықтамасы бар", - делінген іс материалдарында.

Талап арызды Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жұмаев қарайды.

Айта кетейік, 6 тамызда Сот кеңсесінде Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі Жоғарғы сотқа жіберілгені туралы жазба шыққан болатын.

Одан бөлек, 24 жылға сотталған Бишімбаев колонияда жұмысқа тұрса, қанша жалақы алатын туралы жазған едік. Бұған дейін Қуандық Бишімбаев уақытша ұстау изоляторынан Аршалы ауылындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеге ауыстырылғаны белгілі болған еді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД өкілдері күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге оның туыс інісі Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды және қылмыс туралы хабарламады деген күдікпен құрықталды.

Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталды. Сот процесі ашық режимде өтті, ол Жоғарғы соттың YouTube желісіндегі парақшасында онлайн көрсетілді.

13 мамырда сот үкімімен Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алқабилер алқасының үкімімен:

  • Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған;
  • Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

10 маусымда Астана сотына Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағым түсті.

26 маусымда елордалық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың ісі бойынша апелляциялық шағымды қарау басталды. Сот отырысы сол күні аяқталды, судья бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153742-saltanat-nukenovanyng-agasy-bishimbaevtan-materialdyq-shygyn-ondirip-alu-boiynsha-sotqa-shagym-tusirdi/