"MOТҚҚҚ" ҚБ: Толық таңбаланбаған өнімді сатып алған сайын оған қолдау көрсеткен боласыз
Жарияланған күні:

"Сіз түсінетін тілде "сөйлемейтін" қаптамаға сенбеңіз. Таңбаламаны тексеріңіз және таңдауыңызға сенімді болыңыз!". "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ("MOТҚҚҚ" ҚБ) құқыққорғаушылары осындай үндеу жасады.
Тұздықтар таптырмас көмекшілерге айналды, бұл әсіресе, тауық етіне арналған маринадтарға қатысты. Бірақ, арбаңызға атына қызыққан жарқыраған өнімнің тағы бір данасын салмас бұрын әдемі жапсырманың арғы жағында не жасырылғанын ойлап көрдіңіз бе? Таңдаған өніміңіздің қаптамасындағы толық ақпарат сіз үшін қаншалықты маңызды?
2024 жылдың маусым айында Шымкент қаласындағы дүкендердің бірінен "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі жасырын сатып алушы әдісімен Таиландта өндірілген, салмағы 920 г тауық етіне арналған тәтті чили соусын сатып алған. Бұл қазақстандықтарды дәмімен ғана емес, қолжетімді бағасымен де қызықтыратын танымал өнім. Қаптамада өнімнің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үшін белгіленген қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін растайтын Еуразиялық сәйкестікб елгісі бар. Алайда, одан әрі тексеру маңызды сәйкессіздікті анықтады, оның қауіптілігін көптеген тұтынушылар білмеуі де мүмкін.
"Тауарды алғанда қаптамадағы жапсырмалар жай ғана әріптер мен белгілер шоғыры деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Бірақ, бұл сіздің қауіпсіздік кепіліңіз екенін айтсам, оған не дейсіз? Бұған басқа жағынан қарар болсақ, қазақ тіліндегі таңбалама тек заң талабы емес. Бұл жергілікті сатып алушыға тұтынушы ретінде сатып алатын өнімге қатысты толық ақпарат беретін міндетті бөлік", - дейді құқыққорғаушы-сарапшы Алия Алибекова.
"Бұл тұздықтың қаптамасында оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні туралы қазақ тілінде ешқандай белгілер болған жоқ. Өйткені, құрамы, сақтау шарттары немесе қолданылуына қатысты мәліметтер тек бір тілде немесе шет тілінде берілсе, онда ақпарат ұсынылмаған болып саналады. Және бұл көз жұма қарайтын нәрсе емес. Мұндай ақпаратсыз қазақтілді тұтынушы өнімнің оның рационына сәйкес келетін-келмейтінін немесе сақтау бойынша ұсынымдарды түсіну мүмкіндігінен айырылады", - деп жалғастырды Алия Расбекқызы.
"Қаптамада қазақ тіліндегі мәтіннің жоқтығы болмашы кемшілік деп ойлайтын шығарсыз, өйткені аудармасын ғаламтордан-ақ тауып алуға болады. Бірақ, өнімді дұрыс сақтамау немесе пайдалану оның бұзылуына әкелуі мүмкіндігі – бұл анық. Мысалы, егер өнім дұрыс сақталмаса, тұздық дәмін өзгертуі немесе денсаулыққа қауіпті болуы әбден мүмкін. Ал егер тұтынушының аллергиясы немесе өнімнің ингредиенттерін қадағалап отыратын адам болса, тұздықта оның реакциясын тудыратын ингредиенттердің бар-жоғына қалай сенімді бола алады?"
Толық таңбалама түсініспеушіліктерді тудырмайды. Қаптамада маңызды ақпараттардың көрсетілмеуі тек ресми сәйкессіздік емес, әсіресе, тұтынушы ақпарат берілген тілді білмесе, мұндай тұтынушылар үшін нақты қауіп сол болмақ.

Өнімнің барлық стандарттарға сәйкес келетінін қалай тексеруге болатынын ойлап көрдіңіз бе? Өйткені, контрафактілік өнімді ешкім сатып алғысы келмейді. Мұны бірнеше қадам арқылы ажыратуға болады:
- Еуразиялық сәйкестік белгісі. Бұл белгі өнімнің сынақтан өткенін және ЕАЭО елдерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайды. Бірақ, белгінің болуы өнімнің сіз үшін толығымен қауіпсіз екеніне кепілдік бермейтінін де есте ұстаған жөн.
- Сәйкестік туралы декларация. Бұл өнімнің барлық қажетті сынақтардан өткенін растайды. Декларация туралы ақпаратты сатушыдан сұрауға немесе мемлекеттік органдардың ресми сайттарынан қарауға болады. Ол үшін өнім сериясының нөмірін немесе штрих-кодын білу керек.
- Онлайн ресурстар. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында өнімнің сәйкестік декларациясын тексеруге болады. Қажетті деректерді енгізу арқылы өнімнің сертификатталғанын анықтай аласыз.
Сәйкестік туралы декларацияның болуын, сондай-ақ олардың сенімділігін Еуразиялық экономикалық комиссияның веб-сайтында – Берілген сәйкестік сертификаттарының және тіркелген сәйкестік декларацияларының бірыңғай тізілімінде, сондай-ақ, қазақстандық тізілімде бақылауға болады.
Талаптарды бұза отырып таңбаланған өнімді сатып алғанда оның елге заңды жолмен әкелінгеніне көзіңіз жетпейді. Жасанды өнімдерді сататын сатушылар сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, ақша табады. Мемлекет пен қоғамдық ұйымдар мұндай теріс құбылыспен күресуде, бірақ сіздің қауіпсіздігіңіз – ең алдымен өз қолыңызда.
Егер сіз таңбаламасы толық емес өнімді көрсеңіз, ол қателік қана емес, бұл сіздің тұтынушы құқығыңыздың бұзылуы екенін түсіну маңызды. Дұрыс емес таңбалама – сатып алушы ретінде сізді құрметтемеу және жосықсыз өндірушілердің заңды ережелерді айналып өту тәсілі.
Егер сіз өз құқығыңызды қорғағыңыз және өнімнің қауіпсіз екеніне көз жеткізгіңіз келсе, қаптаманы мұқият оқып шығыңыз. Егер күмәніңіз болса, ол жайында сатушыдан сұраудан тартынбаңыз немесе ақпаратты ғаламтор арқылы тексеріңіз. Есіңізде сақтаңыз, сіз толық таңбаланбаған өнімді сатып алған сайын оған қолдау көрсеткен боласыз!
Сіздің денсаулығыңыз бен қауіпсіздігіңіз жайында сөз қозғалғанда, ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Таңбалама ережелерін сақтау – бұл жай ғана мемлекеттік қамқорлық емес, бұл сіздің қорғауыңыз. Ал мемлекет пен құқыққорғаушылар дүкен сөрелеріндегі әрбір өнімнің қауіпсіз, стандартқа сай болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.
Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ – https://www.instagram.com/ozpp.kz/
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2166444-motqqq-qb-tolyq-tangbalanbagan-onimdi-satyp-algan-saiyn-ogan-qoldau-korsetken-bolasyz/