Полиция Израильдің діни және дипломатиялық нысандары маңында патрульдік бақылауды күшейтті
Жарияланған күні:
Қазақстандық полицейлер патрульдік бағыттарды Израильдің діни және дипломатиялық нысандарының қасына жақындатып, бақылауды күшейтті. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Елшіліктер үнемі полицейлер күзетінде. Сондай-ақ барлық діни нысан да біраздан бері ішкі істер органдары бақылауында. Патрульдік көліктер осы нысандарға жақындатылып, сонымен қатар, бейнебақылау камералары арқылы іргелес аумақты бақылау жүзеге асырылуда", - деді Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі тілшімізге берген жауабында.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдай қайтадан ушықты. Дүйсенбіде кешке Израиль Ливанда құрлықтағы әскери операция басталғанын жариялады. Ал кеше, 1 қазанда Иран Израиль аумағына жүздеген зымыран ұшырды. Шабуылдың нәтижесі туралы нақты ақпарат жоқ.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл оқиғаға жауап берді. Ол Иранның зымырандық шабуылын "үлкен қателік" деп атап, жауап қайтаруға уәде берді.
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуекомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып ұшуға кеңес берілді.
Артынша Air Astana өкілдері үндеу жасап, Дубайға ұшу уақыты ұзаратынын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2168559-ppolitsiia-izrailding-dini-zhane-diplomatiialyq-nysandary-mangynda-patruldik-qyzmetti-kusheitti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.