ҰҚШҰ жиыны, Путиннің сапары: Астанада университеттер, мектептер мен балабақшалардың жұмыс тәртібі қандай болады
Жарияланған күні:

27 және 28 қарашада Астанада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Сол себепті елордадағы кейбір оқу орындары жұмыс форматын өзгертеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Елордалық білім басқармасы өкілдерінің NUR.KZ тілшісіне берген ақпаратына сәйкес, бұл күндері мектептер мен балабақшалар әдеттегідей жұмыс істейді. Ведомство өкілдері сабақтар кейінге шегерілмейтінін атап өтті.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері екі күн – 27 және 28 қарашада Астананың бірқатар жоғары оқу орны білім беру форматын өзгертетінін хабарлады:
- 4 жоғары оқу орны – қашықтан,
- 2 жоғары оқу орны – ішінара қашықтан,
- 2 жоғары оқу орны – каникул (1 триместр),
- 5 жоғары оқу орны – офлайн форматта білім алады.
Бұған қоса хабарламада оқу форматына қатысты шешімді жоғары оқу орындары қабылдайтыны айтылған.
Еске салсақ, 27 қарашада елімізге Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді.
28 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтеді.
Бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі өкілдері 27-28 қарашада шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына дайындық аясында Астана көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілетінін ескерткен еді.
Сонымен қатар 27 қарашада Астана аспанында Қорғаныс министрлігі майдан авиациясы ұшады деп жоспарланған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192601-uqshu-zhiyny-zhane-putinning-sapary-kezinde-astanada-universitetter-mektepter-men-balabaqshalardyng-zhumys-tartibi-qandai-bolady/