Астанадағы көлік кептелісінің себебі айтылды
Жарияланған күні:

Астанада кешкі уақытта 10 баллға дейін жететін ұзын-сонар кептеліс жиі болып тұрады. Қалалық әкімдік бұл мәселеге ауа райының қолайсыздығы, жол апаттары және халық пен көлік санының өсуі себеп екенін мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қысқы мезгілдегі қар, боран, көктайғақ және тұман сияқты табиғи факторлар көлік қозғалысын бәсеңдетеді. Мұндай кезде жүргізушілер жылдамдықты төмендетіп, сақтық шараларын күшейтуге мәжбүр. Бұған қоса, қысқы уақытта жол апаттарының саны артады, себебі кей жүргізушілер көліктерінің дөңгелегін қысқыға ауыстырмайды немесе қашықтықты сақтамайды.
Халық санының қарқынды өсуі де – кептелістің басты себептерінің бірі. Қалада көліктердің көбеюі жолдардың өткізу қабілетіне салмақ түсіреді, әсіресе Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр, Тұран және Сарайшық көшелері сияқты негізгі жолдарда.
Көлік қозғалысын реттеу және кептелісті азайту мақсатында әкімдік мынандай шараларды қолға алған:
- Жаңа жолдар, көпірлер және жол айрықтарын салу;
- Қолданыстағы жолдарды кеңейту;
- Қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақтарды енгізу;
- Смарт бағдаршамдар орнатып, көлік легін тиімді басқару;
- Қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы ұйымдастыру;
- Экспресс-маршруттар жүйесін дамыту және электронды төлем жүйесін ынталандыру.
Қарбалас уақытта көліктер көп шоғырланатын аудандар – Мәңгілік Ел даңғылы, Қабанбай батыр, Тұран, Сарайшық көшесі, Қонаева көшесі және т.б.
Жақында ашылған Тәуелсіздік даңғылы бойындағы жаңа көпір кептелісті азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл көпір Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Байтұрсынов даңғылы және "Хазірет Сұлтан" мешітінің аумағында көлік қозғалысын жеңілдетуге ықпал етті.
Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылын Қабанбай батыр даңғылына дейін ұзарту бойынша құрылыс жұмыстары басталмақ. Бұл шаралар елордадағы көлік қозғалысын оңтайландыруға мүмкіндік бермек.
Кеше Астана қаласында көлік қозғалысы қиындап, тұрғындар ұзақ уақыт кептелісте қалғанын хабарлаған болатынбыз. 2GIS деректері бойынша, мақала жазылған сәтте Астанадағы кептеліс деңгейі 8 баллға жеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2193951-astanadagy-kolik-keptelisining-sebebi-aityldy/