Зектілері

"Бұл ауаны мен де жұтамын": әкім Өскемендегі қара түтін мәселесі қалай шешілетінін айтты

Жарияланған күні:

Түтін басқан қала
Көрнекі фото: Getty Images

Қарашаның соңында Өскемен қаласын қою түтін басып, тұрғындар ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданды. Бұл мәселеге Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ермек Көшербаев Өскемен қаласын қою түтін тұмшалап алуына байланысты бір апта бұрын "Өскемен тынысы" экологиялық қорғау бюросы құрылып, қаланың қоғам белсенділері мен эколог мамандары оның жұмысын талқылағанын атап өтті.

"Өнеркәсіп мамандары мен қоғам белсенділері ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелерді талқылады. Бюро өз алдына ұсыныстар әзірлеп, тұрғындарға ауаның ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіреді, қоғамдық бақылау күшейтіледі", - деп жауап берді әкім.

Ермек Көшербаев ауаның ластануына байланысты халықтан шағымдар түскенін айтып, бұл мәселеге өзі де алаңдайтынын жеткізді.

"Бұл ауаны мен де жұтамын, әріптестерім де осы жерде тұрады. Бізге бәрібір емес. Ауаны ең қатты ластайтын PN 2,5 дейтін микронды зат бар. Ертіс өзені қыс мезгілінде қатпайды. Ауа температурасы өзгерген кезде ол осы элементпен араласып, ауаға зиянды заттар таралады. Ал PN 2,5 деген микронды зат ағаш жаққан кездегі түтіннен пайда болады. Ондай мәселе Бішкекте, Астана және Алматы қалаларында да жиі болады. Яғни, түтін мөлшерден тыс шыққан кезде қаланың үстін қара түтін тұмшалап алады. Ол түтінде қандай зиянды заттар бар екенін анықтау үшін арнайы станциялар қажет. Біздің қалада оның тек 10-ы ғана бар. Ол өте аз. Бұл мәселемен құрылған арнайы бюро айналысады, қанша станция қажет екенін білу үшін арнайы зерттеу жасайды", - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, бейсенбі, 28 қарашада Қазақстанның 13 қаласында ауаның қатты ластануы тіркелді. Өскеменде қалың түтін салдарынан мектептерде сабақ бірнеше күнге тоқтатылды. Қала тұрғындары тыныс алу органдарын қорғау үшін арнайы құралдар қолдануға мәжбүр болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2198060-bul-auany-men-de-zhutamyn-akim-oskemendegi-qara-tutin-maselesi-qalai-sheshiletinin-aitty/