Зектілері

Алматыда жолды жауып, намаз оқыған 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Жарияланған күні:

Алматыда жолды бөгеген адамдар
Намаз оқып жатқан адамдар. Видеодан кадр: instagram.com/almatinec_life02

Алматыда жолдың қақ ортасында намаз оқыған 30 адам жазаланды - тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп, құқықбұзушыларды Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 614-бабы (көлік қозғалысына кедергі келтіру) бойынша жауапқа тартты.

"Құқықтық тәртіп қағидатын еске сала отырып, азаматтарды Қазақстан Республикасының заңдарын қатаң сақтауға шақырамыз. Жол қозғалысына кедергі келтіру – бұл құқықбұзушылық және әкімшілік жауапкершілікке әкеледі", – деді полиция департаментінің өкілдері.

Сонымен қатар полиция осындай оқиғалардың алдын алу үшін профилактикалық және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейткенін мәлімдеді. Мұндай құқықбұзушылықтарға жол берілмейтіні және олардың жолы дереу кесілетіні айтылды.

Естеріңізде болса, 6 желтоқсанда Алматы Орталық мешітінде жұма намазына келгендер жолдың бір бөлігінде намаз оқып, қозғалысқа кедергі келтіргені түсірілген видео тарады. Тұрғындар ер адамдардың үстінен шағымданып, қалалық полиция осы жайтқа түсініктеме берген болатын.

Осыған байланысты ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының Facebook-тегі парақшасында мәлімдеме жасап, жолды жауып, намаз оқуға болмайтынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203173-almatyda-zholdy-zhauyp-namaz-oqygan-30-adam-akimshilik-zhauapkershilikke-tartyldy/