Ақтаудағы апат: Бозымбаев ұшақтағы шұрық-тесіктерге қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты өткен брифингте желіде тараған кадрларға қатысты пікір білдірді. Онда ұшақтың артқы бөлігіндег шұрық-тесіктер бар екенін байқауға болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев оқиғаның мән-жайын мамандар анықтайтынын алға тартты.
"Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен сарапшы-криминалистер, Авиациялық әкімшілік мамандары келді. Олар әуедегі оқиғаларды зерттейді. Мамандар қылмыстық іс аясында барлық дәлелді жинап, тиісті сараптама жасап, сәйкесінше құлау себебін анықтайды. Қара жәшікті анықтау және сол сияқты басқа да ақпаратты жариялаймыз", - деді ол.
Осы ретте вице-премьер ведомствоаралық топ материалдарды тергеу аясында зерттейтінін, сараптамалар өткізілетінін және оқиғаның себебі анықталатынын атап өтті. Қанат Бозымбаевтың сөзінше, қазір оқиғаның себебі туралы алдын ала мәлімдеме жасауға ерте.
"Сарапшыларға жұмыс істеуге мүмкіндік беріңіздер. Қазір бәрі Қазақстанның құзіретінде. Әуе апаты Қазақстанда болды, тергеу жұмыстары бас прокурордың бақылауында", - деді ол.
Айта кетейік, осыған желіде апатқа ұшыраған ұшақтың артқы бөлігіндегі шұрық-тесіктердің кадрлары тараған еді. Көпшілік әуе лайнеріне оқ тиген болуы мүмкін деген нұсқаны айтуда.
Ақтаудағы ұшақ апаты
Еске салсақ, бүгін, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 49 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызтан азаматы болған. 28 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі бала.
Апатқа байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жедел желі іске қосты.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты.
Ақтауда жаңажылдық шырша жағу шарасы ұшақ апатына байланысты өтпейтін болды.
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Соңғы мәліметтер бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205101-aqtaudagy-apat-bozymbaev-ushaqtagy-shuryq-tesikterge-qatysty-pikir-bildirdi/