Ақтауда ұшақ апатынан қазақстандық екі мұнайшы қаза тапты: олар туралы не белгілі
Жарияланған күні:
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ұжымы Ақтау қаласындағы ұшақ апатынан қаза тапқан марқұм әріптестерінің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ компанияның Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ ұжымы "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясының апатқа ұшыраған ұшағында қаза болған жолаушылардың арасында әріптестері бар екенін күйзеліспен хабарлайтынын жеткізді.
- Жұмағұлов Бауыржан Жұмабайұлы, " Өзенмұнайсервис" ЖШС жұмысшысы, 4-ші дәрежелі бұрғышының көмекшісі. Бауыржан компанияда 2018 жылдан бері еңбек еткен, өзін адал және білікті маман ретінде көрсетті. "Өзенмұнайсервис" ЖШС — ҚМГ-ның еншілес мекемесі.
- Төлесінов Сәндібек Екібайұлы, "МұнайФилдСервис" ЖШС механикалық-энергетикалық бөлімнің инженері. Сәндібек салада 16 жыл еңбек еткен. "МұнайФилдСервис" ЖШС — "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның мердігер ұйымы.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға ұшқан ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ бортында 69 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған. Оның 42 Әзербайжан, 15 Ресей, 6 Қазақстан және 3 Қырғызстан азаматы болған.
ІІМ қайғылы оқиға бойынша тергеуді бастады. Ақтау қаласының маңында АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Ұшақ апатына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің командалық орталығында жедел желі телефондары іске қосылды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатын тексеру үшін Қазақстанға үкімет өкілдерін жіберді.
26 желтоқсан Әзербайжанда ұшақ апатына байланысты аза тұту күні деп жарияланды.
Бұған дейін Тоқаев Әзербайжан басшысына көңіл айтқан болатын. Сондай-ақ борттағы жолаушылардың толық тізімі жарияланды.
Кейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапқаны белгілі болды. Еңбек вице-министрі Ақмәди Сарбасов брифинг барысында ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтар туралы толық мәлімет берді.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ апатынан 38 адам қаза тапқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205227-aqtaudagy-ushaq-apaty-qazmunaigaz-uzhymy-qaza-tapqan-ariptesterining-otbasyna-kongil-aitty/