Ақтау маңындағы ұшақ апаты: "қара жәшік" Бразилияға жіберіледі
Жарияланған күні:
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan airlines ұшағының борттық өздігінен жазғыш деректерін (қара жәшіктері) Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберілетін болды. Бұл туралы Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрліктің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайды.
Қазақстан бұл Конвенцияны 1992 жылы ратификациялаған әрі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.
"Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын және Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.
CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар", - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ бұл мәселе мемлекет басшысының жеке бақылауында екені айтылған.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2206512-aqtau-mangyndagy-ushaq-apaty-qara-zhashik-braziliiaga-zhiberiledi/