Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Әзербайжан тарабы қазақстандық құтқарушыларды марапаттады
Жарияланған күні:
Әзербайжан тарабы AZAL ұшағының апатқа ұшырауы кезінде құтқару операциясына қатысқан қазақстандықтарды марапаттады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ azertag.az сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Әзербайжанның төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Кямаледдин Гейдаров Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау халықаралық әуежайы маңында "Азербайджан Хава Йоллары" ұшағы апатқа ұшырауына байланысты құтқару операциясына қатысқан бір топ қызметкерін марапаттады", - деп жазды басылым.
Сайтта "Әріптестігі үшін" төсбелгісін алған қазақстандық құтқарушылар тізімі жарияланды. Олар:
- Азамат Сейталин;
- Тимур Аминов;
- Қани Айдаров;
- Саясат Қараев;
- Мәжит Кенжеғалиев;
- Азымбек Құлханов;
- Ербол Күзембаев;
- Наурызбек Меңдібаев;
- Ардақ Нұғыманов;
- Айман Тілеубергенова.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған жолаушылар ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасаған еді. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін мәлімдеді.
28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себебін атады.
Сонымен қатар 30 желтоқсанда Қазақстан Ақтау маңында құлаған ұшақтың "қара жәшігін" Бразилияға жібергені белгілі болды.
Айта кетейік, бір күн бұрын Маңғыстау облысында төтенше жағдайлар департаментінің он құтқарушысына Ақтау қаласында ұшақ апатының салдарын жою кезінде көрсеткен кәсібилігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік сыйлықтар табыс етілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2208504-aqtau-mangyndagy-ushaq-apaty-azerbaizhan-taraby-qazaqstandyq-qutqarushylardy-marapattady/