"Нағыз батырлар": ҚБТУ-дағы өртті сөндіруге қатысқан қызметкерлер наградталды
Жарияланған күні:

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғимаратындағы өртті жоюға қатысқан қызметкерлерді салтанатты түрде наградтау рәсімі өтті, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайтында.
Іс-шараға ТЖД басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин мен инфрақұрылым жөніндегі проректор Салават Бектемісов қатысқан.
Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен ҚБТУ ғимаратында өртті сөндіру кезінде қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медальдарымен мына қызметкерлер наградталған:
- Мусин Диас Радиұлы - Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы;
- Магамедов Камил Махмутжанович - Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бас маманы;
- Сүлейманов Руслан Бахтиярұлы - Жетісу ауданының ТЖ басқармасы № 12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі;
- Әлиасқаров Дархан Жақытбекұлы - Алмалы ауданының ТЖ басқармасы № 9 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы;
- Нұғыманов Қанатбек Талғатұлы - Әуезов ауданының ТЖ басқармасы № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобилін жүргізу жөніндегі нұсқаушысы;
- Талдыбаев Бақытжан Бақытбергенұлы - Медеу ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы.

ҚБТУ ректоры Маратбек Ғабдуллин құтқарушыларға жанқиярлық жұмыстары үшін алғысын айтты.
"Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында өрттің ауыр салдарын болдырмай, Қазақстанның мәдени және білім беру мұрасының маңызды бөлігі болып табылатын біздің тарихи ғимаратымызды сақтауға мүмкіндік туды.
Біз сіздерге өз істеріңізге және Отан алдындағы адал қызметтеріңіз үшін ризамыз. Сіздердің жанқиярлық жұмыстарыңыздың арқасында біз қала тұрғындары, өзімізді қауіпсіз сезінеміз, ертеңгі күнге сеніміміз мол. Сіздер біздің қауіпсіздігіміз үшін бастарыңызды күн сайын қауіп-қатерге тігетін нағыз батырларсыздар!" - деді ол.
Сондай-ақ құтқарушыларға университет ұжымы атынан алғыс ретінде естелік кәдесый – ғимараттың хрусталь макеті табыс етілген.

Естеріңізге сала кетсек, 11 қаңтарда сағат 22.10 шамасында бес қабатты ҚБТУ ғимаратында 120 шаршы метр алаңда өрт болды. Құтқарушылар жоғарғы ранг бойынша оқиға орынына жедел жетіп, төрт жауынгерлік учаскедегі өртті сөндіруге кірісті. Ғимарат құрылысының ерекшеліктері, жоғары өрт жүктемесі және қатты түтін өрт сөндіру жұмыстарын қиындатты. Оқиға орнында ТЖД басшылығымен жедел штаб құрылып, Қазақстан ТЖМ Командалық орталығы жұмысты онлайн үйлестірді.
Өртті оқшаулау кезінде әкімшілік ғимараттың төбесінен Қазақстанның Туы зақымдалмай төменге түсірілді. Өртті сөндіруге Алматы қаласы ТЖД 80 қызметкері мен 28 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2211911-nagyz-batyrlar-qbtu-dagy-ortti-sondiruge-qatysqan-qyzmetkerler-nagradtaldy/