Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Көлік министрлігі мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:

Қазақстанның Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшаққа қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазақстанның Көлік министрлігіне қарасты авиациялық оқиғаның себебін анықтау жөніндегі арнайы комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр. Алдын ала есеп жарияланғанға дейін комиссия ресми дереккөзі жоқ ғаламторда жарияланған дерекке түсініктеме бермейді.
Естеріңізге сала кетейік, комиссия ҚР заңнамасының талаптарына және ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес алдын ала есеп жариялайды. Онда тергеу барысы және тергеу нәтижесінде анықталған нақты ақпарат болады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Baza Telegram-арнасы апат болған ұшақ ұшқыштарының диспетчерлермен әңгімесінің толық мәтінін жариялаған еді. Алайда бұл деректерді ешкім растаған жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, 7 қаңтарда Бразилия Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы ұшағының екі "қара жәшігін" талдауды аяқтағаны, талдау нәтижесі Қазақстанға жіберілгені белгілі болды.
15 қаңтарда Көлік министрлігі өкілдері "қара жәшіктердегі" деректерді алғанын растады.
Сонымен қатар Ресейдің Тергеу комитеті Ақтау маңындағы ұшақ апатының себептерін анықтау үшін кешенді тексеру және авиациялық-техникалық сараптама тағайындағанын мәлімдеді.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта Әзербайжанның 42-і, Ресейдің 16-ы, Қазақстанның алты, Қырғызстан үш азаматы болған.
Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Олардың үшеуі – экипаж мүшесі. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
АZAL әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Әзербайжан астанасында аза тұту күні жарияланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұқбатында ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болуы мүмкін фактілерді атады.
Сондай-ақ ол ұшақ апатынан қаза болған марқұмдардың отбасымен кездесу кезінде әділдікті, сондай-ақ кінәлілерді жазалауды талап ететіндерін мәлімдеді.
Ал Қазақстан Azerbaijan airlines ұшағының борттық өздігінен жазғыш деректерін (қара жәшіктері) Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2212215-aqtau-mangyndagy-ushaq-apaty-kolik-ministrligi-malimdeme-zhasady/