"2,5 млрд теңге бөлінді": Жеңістің 80 жылдығына орай Астанадағы әскери парад қалай өтеді
Жарияланған күні:

Жеңістің 80 жылдығына орай Астанада өтетін әскери парадқа 2,5 млрд теңге бөлінді. Шеруге шамамен 4,5 мың адам қатысады. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Виталий Адамович айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қорғаныс министрлігінің өкілінің айтуынша, бөлінген қаражат отынға, қосалқы бөлшектерге, іссапар шығындарына, әскерлердің қозғалысына, форма тігуге жұмсалады.
Шеру үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – жаяу әскерилер шеруі, екіншісі – механикаландырылған шеру, үшінші кезеңде авиация ұшады.
Парадтық сап түзеу тарихи және заманауи кезеңдерді бейнелейді.
Шеруде алғаш рет ҰОС-ға қатысқан қазақстандық бөлімдердің жауынгерлік тулары көрсетіледі.
"Алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары – бұл 23 дивизия мен бригада. Сондай-ақ әскери-тарихи мұражайда сақталған "Т - 34" танкіндегі Жеңіс Туының көшірмесі жеткізіледі", - деп қосты ол.
Ал шеруге шамамен 4,5 мың адам қатысады.
Алаңда соңғы жылдары сатып алынған қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері ұсынылады. Бұдан басқа, ТЖМ, ІІМ және МКҰ күштерінің жаңа техникасы ұсынылады.
Сонымен қатар Қазақстанның әскери қызметшілері Мәскеу мен Беларусьтегі әскери парадтарға қатысады.
"Мәскеудегі шеруге бір парадтық есеп барады, ол десанттық шабуыл әскерилері. Ал Беларуссиядағы шеруге 5 адамнан тұратын әскерилер тобы барады, олар Минскіде Жеңіс шеруіне қатысады", - дейді Виталий Адамович.
Айта кетейік, бұған дейін Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 млн теңгеден беру жоспарланып отырғанын хабарлаған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2220215-2-5-mlrd-tengge-bolindi-zhengisting-80-zhyldygyna-orai-astanadagy-askeri-parad-qalai-otedi/