"22 млн теңгеге жуық қаражат жинап, оны өз қажетіне жұмсаған": Перизат Қайратқа қатысты істе жаңа эпизод тіркелді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайрат ісінде жаңа эпизод тіркелгенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын, наурыз айының басында тергеу жұмыстарының аяқталғаны және танысу кезеңі басталғаны туралы хабарланатын болады. Алайда спикер танысу процесі қанша уақытқа созылатынын нақты айтпады, оның сөзінше, ол қылмыстық процеске қатысушыларға байланысты.
"Қылмыстық іс материалдарында заттай айғақтарды есептемегенде 100-ден астам том бар, сондықтан бәрі қылмыстық процеске қатысушыларға байланысты болады", - деді Елемесов.
Жеңіс Елемесовтың айтуынша, сот күдіктінің қамауға алу мерзімін ұзартты, қазір оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-шы (алаяқтық) және 218-ші (ақшаны жылыстату) баптары бойынша іс қозғалған.
"Бірнеше эпизод тергеліп жатыр. Біз оның Палестинадағы оқиғаларға байланысты қайырымдылық ретінде жинаған ақшасы, сондай-ақ су тасқынының салдары бойынша жинаған ақшасы туралы бұған дейін ақпарат бергенбіз.
Қаңтардың соңында біз жаңа эпизодты тіркедік – онда ол мүгедектігі бар балаларды оңалту орталығын құру үшін қайырымдылық ұйымдастырып, 22 млн теңгеге жуық қаражат жинаған, оны өз қажеттілігіне жұмсаған. Біз осы эпизодтар бойынша барлық соманы қостық: оған пәтер, үй, көлік сатып алынған – бұған дейін атауын көрсетіп ақпарат берген едік", - дейді Жеңіс Елемесов.
Іс бойынша Перизат Қайрат пен оның анасынан басқа күдіктілер бар ма деген сұраққа спикер басқа күдіктілер жоқ екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде халықтан жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен бағалы заттар сатып алуға жұмсаған.
Кейін қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды.
AMANAT партиясының өкілдері де Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, партияның оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Бүгін, 16 қарашада ҚМА өкілдері Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына жиналған қаржыдан 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп тағы бір күдікке ілінгенін хабарлады.
Кейін Астана соты бұлтартпау шарасымен Перизат Қайрат екі ай мерзімге қамауға алынғанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2221983-22-mln-tenggege-zhuyq-qarazhat-zhinap-ony-oz-qazhettiligine-zhumsagan-perizat-qairatqa-qatysty-iste-zhanga-epizod-tirkeldi/