Зектілері

Аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдердің ораза ұстауына бола ма: ҚМДБ жауабы

Жарияланған күні:

Аяғы ауыр әйел
Аяғы ауыр әйел. Көрнекі фото: pixabay.com

Аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдердің ораза ұстауына бола ма? Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Жүкті әрі емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстау өзіне не баласына зиян беруден қорықса, ораза тұтпауға рұқсат етіледі. Кейін оразаның қазасын өтейді. Үзір себепті ауыздарын ашқандықтан кәффарат міндеттелмейді. Оған қоса підияны да бермейді. Өйткені құрсақтағы немесе омырауындағы балаға қауіптенгені үшін ауыз ашқаны қарт кісінің мәселесіне ұқсамайды.

Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын): 

"Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі үшін қауіптенетін жүкті әйелге және сәбиіне зиян жетуінен қорыққан емізуші әйелге ауыз ашуға рұқсат етті", - дейді.

Егер емізулі әйел баласын өзінің сүтінен басқасымен (жаңа туған нәрестелерге арналған қоспалар) емізуге шамасы келсе, аузын ашпайды. Ал оған жағдайы болмаса немесе нәрестесі оны қабылдамаса, онда емізулі әйел өзіне не баласына зиян жетуіне қауіптеніп, аузын ашады", - делінген ҚМДБ жауабында.

Сонымен қатар дін мамандарының жауабында дәрігер бала емізетін әйелге сәбидің еміне қажетті дәрумендер қабылдауды жазып берсе, онда оған ораза ұстамауына рұқсат етілетіні айтылған.

"Денсаулығына немесе сәбиге зиян келетін-келмейтінін немесе сырқатының қауіпті-қауіпсіздігін нақты анықтау үшін жақсы дәрігерге жүгінген абзал. Мұны барлық ислам ғұламалары қолдайды. Ал қазасын өтегенде оразаны қатарынан күнделікті ұстаса да, бөлек-бөлек ұстаса да болады", - делінген ҚМДБ жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, биыл қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Осы орайда ҚМДБ Рамазанға арналған Telegram-ботты іске қосты. Бұл жерде тұрғындар өздерін толғандырған діни сұрақтарға жауап ала алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222438-aiagy-auyr-zhane-emizuli-balasy-bar-aielderding-oraza-ustauyna-bola-ma-qmdb-zhauaby/