"Алматы жастары": жастарға берілетін ипотекалық бағдарламаның шарттары өзгеруі мүмкін
Жарияланған күні:

"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша қарыз беру сомасы 20 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы "Отбасы Банк" өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматыда жас мамандарға арналған ең сұранысқа ие ипотекалық бағдарламалардың бірі – "Алматы жастары". Ол жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен және 10 пайыз бастапқы жарнамен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді. Былтыр бұл бағдарламаға "Жұмыс істейтін жастар" санаты қосылып, 20-дан астам жас баспаналы болған.
"Биыл да "Алматы жастары" бағдарламасы жалғасады. Қазіргі таңда әкімшілікпен бірге келісімшарттың барлық шартын талдап және де бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жуырда өтінім қабылдау басталады", – деді "Отбасы банк" АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Телеарнанң ақпаратына сай, болашақта шаһар жастарына арналған баспана бағдарламасы жаңартылады. "Алматы жастары-2025" жаңа шарттары әзірленіп жатыр. Бұл жолы "Жұмыс істейтін жастар" санатының қатысушыларына арнайы квота қарастырылмақ. Нәтижесінде мыңнан аса азамат жеңілдетілген несие арқылы баспана алу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетейік, жалпы 2017 жылдан бері бұл бастама аясында шамамен 6 мың жас тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2223686-almaty-zhastary-zhastarga-beriletin-ipotekalyq-bagdarlamanyng-sharttary-ozgerui-mumkin/