Зектілері

Семейде соққыға жығылған оқушыға халық 24 млн теңге жинап берді: қаражат қайда жұмсалады

Жарияланған күні:

Бума ақша
Ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Семейде соққыға жығылған оқушыға оның тағдырына бей-жай қарамаған қазақстандықтар қомақты сома жинап берді. Абай облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Солтабаева отбасыға көрсетіліп жатқан қолдау шаралары жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы өңірлік білім басқармасы Telegram-дағы ресми арнасында жария етті.

Толық медициналық тексеруден өткен балаға қажет психологиялық көмек көрсетіліп, отбасыға құқықтық қолдау ұйымдастырылды. Қазіргі таңда отбасының жақын туысының есепшотына 24 миллион теңге жиналды. Бұл қаражат баспана сатып алуға бағытталады. Қаржының әділ әрі ашық жұмсалуын бақылау үшін облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, адвокаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылып жатыр.

"Көмек көрсету процесі ашықтық пен әділдік қағидаларына негізделеді. Қоғамның үлкен қолдауын ескере отырып, тұрғын үйді таңдау және сатып алу барысы ашық өтеді", – деп атап өтті Эльзира Солтабаева.

Сонымен қатар ол отбасының ел тұрғындарына білдірген шынайы ризашылығын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 24 ақпанда желіде Семейде жасөспірімдер өзінің қатарласын аяусыз соққыға жыққаны туралы видео тараған еді. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, оқиғаның барлық қатысушысы дереу анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілгенін мәлім етті.

Кейін Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Абай облысының әкімі Берік Уәлимен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін және Семейде жасөспірімдер соққыға жыққан оқушыға қатысты оқиғаны талқылағанын хабарлады.

Ал Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңге байланысты жиын өткізді. Жиынға прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасы басшылары және бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысқан. Облыстық білім басқармасы оқиғаға қатысты мектеп директоры жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

Ал Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы Семейде соққыға жығылған баланың жағдайы туралы айтты.

Денсаулық сақтау басқармасы оқушы 23 ақпанда қабылдау бөлімінде тексерілгенін жеткізген.

"Пациент 2013 жылы туған ұл бала. Балаға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қажетті тексерулер жүргізілді. Диагноз - жабық бас-ми жарақаты (ЖБМЖ). Бастың шашты бөлігінде, шүйде аймағында гематома. Аяқ-қолдың төменгі тұсында көптеген теріасты гематомасы бар. Бала жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, бірақ психоэмоционалдық күйі мен диагнозына байланысты бақылауды қажет етеді", - деп жазады облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері Instagram-дағы ресми аккаунтында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2224296-semeide-soqqyga-zhygylgan-oqushyga-halyq-24-mln-tengge-zhinap-berdi-qarazhat-qaida-zhumsalady/