Семейде соққыға жығылған оқушының отбасына пәтер сатып алынды
Жарияланған күні:

Семейде соққыға жығылған оқушыға қазақстандықтар пәтер алып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы TikTok желіcінде жергілікті блогер Аида Жүнісова хабарлады.
"Кілтті алдық, енді оның өз шаңырағы бар. Қол ұшын созған қазақстандықтарға алғыс білдіреміз", - деп жазды ол.
Қазақстандықтар семейлік оқушыға көмек ретінде 35 млн теңге жинаған.
Естеріңізге сала кетейік, 24 ақпанда желіде Семейде жасөспірімдер өзінің қатарласын аяусыз соққыға жыққаны туралы видео тараған еді. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, оқиғаның барлық қатысушысы дереу анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілгенін мәлім етті.
Кейін Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Абай облысының әкімі Берік Уәлимен бірге кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін және Семейде жасөспірімдер соққыға жыққан оқушыға қатысты оқиғаны талқылағанын хабарлады.
Ал Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңге байланысты жиын өткізді. Жиынға прокуратура, полиция департаменті, білім басқармасы басшылары және бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қатысқан. Облыстық білім басқармасы оқиғаға қатысты мектеп директоры жұмыстан шығарылғанын хабарлады.
Кейін Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасы Семейде соққыға жығылған баланың жағдайы туралы айтты.
Денсаулық сақтау басқармасы оқушы 23 ақпанда қабылдау бөлімінде тексерілгенін жеткізген.
"Пациент 2013 жылы туған ұл бала. Балаға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қажетті тексерулер жүргізілді. Диагноз - жабық бас-ми жарақаты (ЖБМЖ). Бастың шашты бөлігінде, шүйде аймағында гематома. Аяқ-қолдың төменгі тұсында көптеген теріасты гематомасы бар. Бала жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, бірақ психоэмоционалдық күйі мен диагнозына байланысты бақылауды қажет етеді", - деп жазады облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері Instagram-дағы ресми парақшасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2225079-semeide-soqqyga-zhygylgan-oqushynyng-otbasyna-pater-satyp-alyndy/