Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:

Желіде мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нығматулинге қарсы қылмыстық істің тергеліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Жазбаға қатысты ІІМ өкілі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Жазба "Письма президенту" Telegram-арнасында жарияланған. Жазба авторлары Алматы ПД "Нұржан Нұрланов рейдерлік жасады деген дерек бойынша" қылмыстық істі тергеп жатқанын жазған.
NUR.KZ тілшісі ІІМ-нен пікір сұрады.
"Аталған дерек бойынша Алматы полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР ҚК 389-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда істің мән-жайын жан-жақты, толық және әділ зерттеу үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деп мәлім етті ҚР ІІМ баспасөз қызметі өкілдері.
Сонымен бірге ҚР ҚПК 201-бабы бойынша өзге ақпарат жарияланбайтыны хабарланды.
Айта кетейік, "Параграф" сайтындағы ақпаратқа сай, Нұржан Нұрланов 1988 жылы туған. Үйленген, үш баласы бар.
Әр түрлі жылдарда "KAZNEX INVEST "Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ, ҚР премьер-министрінің кеңсесін өңірлік дамыту бөлімінде, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ, "ҚазРосГаз" АҚ, "Бәйтерек" ҰБХ-да жұмыс істеген. 2019 жылдан 2022 жылға дейін "ҚазМұнайГаз-Аэро" бас директоры қызметін атқарған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғанын хабарлаған едік.
Кейін Бас прокуратура Арғын Нығматулинге не себепті іздеу жарияланғанын мәлімдеді.
Арғын Нығматулин және өзге де тұлғалар Қарағанды облысында хоккейді дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2232996-mazhilisting-eks-spikeri-nurlan-nygmatulinning-ulyna-qatysty-qylmystyq-is-qozgaldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде