Су басуы ықтимал: Абай облысындағы ауылға қауіп төніп, жедел штаб құрылды (видео)
Жарияланған күні:

Абай облысы Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылын Үбі өзеніндегі мұз кептелісінен су деңгейінің көтерілуіне байланысты су басу қаупі төніп тұр. Жедел штаб құрылды, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Облыс әкімдігінің хабарламасына сай, кеше, 5 сәуірде кешкі сағат 20:35-те Үбі өзеніндегі мұз кептелісінен су деңгейінің көтерілуіне байланысты Бородулиха ауданындағы Красный Яр ауылындағы өзенге жақын бір көшенің аула аумақтарын су басу қаупі туындаған еді.
"Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті атқарушы органдар, жедел құтқару жасағы мен полиция бөлімшелерінен барлығы 123 адам және 39 техника, оның ішінде 3 жүзу құралы ауылға шоғырландырылды.Қауіптің бетін қайтару жұмысы жалғасып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында ауылдағы өзен жағасына жақын көшенің 26 тұрғыны өз еріктерімен мектепке уақытша орналастырылды. Жергілікті атқарушы органдардың өкілдері аулаларын су басуы мүмкін тұрғындардың малдарын басқа шаруа қожалықтарына жеткізді. Облыс әкімі Берік Уәли бүгін, таңертең ерте Бородулиха ауданына арнайы келді", - делінген хабарламада.
"Елді мекенде жедел штаб құрылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етеді. Үбі өзеніндегі мұз кептелісін жойып, су арнасын толық ашу үшін мұз жару жұмысы жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Манарбек Шапағатовпен бірге әуелі Үбі өзеніндегі су деңгейін тікұшақ арқылы әуеден бақылады. Содан кейін ауылға келіп, жедел штабтың жиынын өткізді.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев пен аудан әкімі Айдар Ибраев аймақ басшысына ахуалды баяндады. Аудан әкімінің айтуынша, елді мекендегі өзен жағасына жақын 30 шақты үйдің ауласына су кірген.
"Елді мекенде жедел штаб құрылған. Оған облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков жетекшілік етеді. Үбі өзеніндегі мұз кептелісін жойып, су арнасын толық ашу үшін мұз жару жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауылдағы басқа аулаларға судың кіруіне жол бермес үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысы тиісті орындарға жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін еріген қар суларының еруі салдарынан "Көкшетау-Атбасар" автожолы жабылғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2233515-su-basuy-yqtimal-abai-oblysyndagy-auylga-qauip-tonip-zhedel-shtab-quryldy/