Зектілері

Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс: Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялай ма

Жарияланған күні:

Читать на русском
Үндістан және Пәкістан тулары
Үндістан және Пәкістан тулары. Иллюстрациялық фото: Kachura Oleg / Getty Images

Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіске байланысты Қазақстан сол елдердегі өз азаматтарын эвакуациялай ма? Бұл сұраққа сенат кулуарында еліміздің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин жауап берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ақан Рахметуллин айтуынша, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс таяу арада шешілуі мүмкін.

"Осы қақтығыс тек бейбітшілік әрі дипломатиялық тәсілдермен тоқтайды деп үміттенеміз… Жойқын соғысқа бармайды деп ойлаймыз", - деді ол.

Сонымен қатар СІМ өкілі аталған екі елдің аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты пікір білдіріп, әзірге оларды эвакуациялауға ешқандай себеп жоқ екенін айтты.

"Осы елдердегі елшіліктер біздің азаматтармен тұрақты байланыста… Қазір оларды жаппай көшірудің қажеттілігі жоқ. Егер қажет болса, біз алдын ала ескертеміз. Исламабадтағы (Пәкістан) және Нью-Делидеге (Үндістан) елшіліктер бұл жағдайды тәулік бойы зерделеп отыр, яғни бізге ондағы ахуалды баяндап жатыр. Біздің азаматтарды эвакуациялауға ешқандай себеп жоқ", - деді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Естеріңізге сала кетейік, 7 мамырға қараған түні Үндістан "Синдур" әскери операциясын өткізіп, Пәкістандағы нысандарға соққы жасады.

Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, олар "Пәкістан басып алған Джамму мен Кашмирдегі және Пәкістандағы террорлық инфрақұрылымдарға" соққы жасаған. Дәл осы жерлерден Үндістанға қарсы лаңкестік шабуыл жасау жоспарланған.

Исламабад мұны соғыс соғыс актісі деп атап, соққымен жауап берді. Екі жақтан да бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны хабарланды.

Бүгін Air Astana әуекомпаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты 8 мамырдағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша және Алматы – Мумбай – Алматы бағыты бойынша рейстерін тоқтатуға мәжбүр екенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2243055-undistan-men-pakistan-aumagyndagy-qazaqstan-azamattary-koshirile-me-ministrlik-okili-zhauap-berdi/