"Нұрқанатты тепкенімді мойындаймын": Шерзат ісі бойынша тағы бір сотталушы сотта жауап берді
Опубликовано:

Бүгін, 15 мамырда Шерзат Болаттың қазасына қатысты іс бойынша сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алу басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Іс бойынша Нұрбол Тоқтаубаевты "Қамажай" дүкеніне сотталушы Дархан Әскентай шақырған. Сотта ол 2024 жылы қазанның 3-інен 4-іне қараған түні қайда, қандай жағдай болғанын айтты.
"Қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Талғар қаласында орналасқан "Эйфория" кафесінде өзімнің таныстарым – Ілиясов Нұрқияс, Шынасыл Абзал, Сәкиев Равиль, Белғожаев Шыңғыс және де өзімнің бауырым Тоқтаубаев Азамат, сонымен бірге өзіммен ертіп алған Ы. (кәмелетке толмаған сотталушы - ред.ескертпесі) отырдық. Сонымен қатар бұрын-соңды көрмеген таныс емес екі қыз болды. Сол уақытта, яғни, 23:30-да маған танысым Дархан Әскентай қоңырау шалды. Талғар қаласы, Менделеев көшесінде орналасқан "Қамажай" дүкеніне келуімді өтінді. Мен бір бөтелке сыра ішіп алғандықтан Ы.-ға өтініш жасап, рульге отыр дедім. Сөйтіп "Қамажай" дүкеніне бардық", - деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Сотталушының сөзінше, Әскентай оған өзін біреу ұрып кеткенін айтып хабарласқан.
"Қысқа-нұсқа, "Мені біреу ұрып кетті. Мені алып кетші мына жерден" деді. Мен "қазір барам" дедім. Дауысынан қобалжып тұрғаны, көмек керек екені сезіліп тұрды.
Сонымен бардым. Дархан Әскентай дүкеннің сыртында тұрды. Бетінен қан ағып тұрды. Дарханнан "не істеп қойдың деп" сұрадым. "Дүкен сатушысының баласы ұрды" деп қысқаша айтты. Мен мән-жайды білу үшін "Қамажай" дүкеніне кіріп, Қаржаубайдың өзінен мән-жайды сұрастырдым.
Ол: "Сенің досың шот төлемеді, агрессия көрсетті" - деді.
"Шот төлемесе мен төйлейін" - дедім.
Қанша теңге төлемегенін сұрап едім "1000 теңге" деді. Мен артығымен 1500 теңге төледім. Бірақ (Қаржаубай - ред.ескертпесі) менің келгеніме қарсы болды. Пышақ ұстады, бізге атылды. Мен досым үшін кешірім сұрап, өзімнің Golf 3 маркалы көлігіммен Дархан Әскентай, Ы. үшеуіміз кетіп қалған едік.
Алайда жолда Дархан маған ақталды, өзінің телефонынан чекті көрсетіп: "міне, досым, мен төледім деді. Қолма-қол 1000 теңге бердім" деді.
Ақша туралы келіспеушілік болғаннан кейін мен қайтадан дүкенге баруға шешім қабылдадым. Артық төлеген ақшамды қайтарып алу үшін және Дархан Әскентай шот төлегенін растағым келді", - деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Сотталушының айтуынша, Қаржаубай агрессия көрсеткен-міс.
"Тағы пышақ алып оқталды, біздің айналып келгенімізге қарсы болды, менімен шық деді, менімен шықпасаң баламмен шық (жекпе-жекке - ред. ескертпесі) деді.
"Мен ұрдым" деді, біресе, "балам ұрды" деді. Бізге тағы да пышақ тақады.
Ол жерде өзімді "Хуторский 95-пін" деп таныстырған жоқпын. Өзім 1996 жылғымен. "Денсаулық қойып тастайсың" деген әңгіме болған жоқ.
Мен бұрын-соңды сотталмағанмын. Мәселені тыныш, біржақты қылып кету керек болғанбыз. Сол сәтте Нұрқанат біреулерге телефон шалып, шақырып жатты.
Қаржаубай сол кезде "Мен сені өлтірем" деп бізге оқталып жатты. Мен күйзелісте болдым, кішкене абдырап қалдым. 6-7 бала келді. Үлкен-үлкен. Тұрды сол жерде. Мен өзім туған ініме қоңырау шалдым. Қасында Чина деген жігіт бар еді, Шыңғыс деген. Бауырымда телефон болмағандықтан соған хабарласып, шақырғанмын. Сонымен балалар келді, сөйтіп төбелес басталып кетті", - деді ол сотта берген жауабында.
Нұрбол Тоқтаубаев төбелес басталғанда дүкеннің ішінде тұрғанын айтты. Сотталушы Нұрқанат Ғайыпбаевты бір-екі рет тепкенін ғана мойындады.
"Мылтық атылды. Нұрқанат мылтық атты бізге. Бірінші аспанға атты, екіншісін біздің аяғымызға атты. Өзім аяғымды бір-екі рет сермеп, Нұрқанатты тепкенімді растаймын, мойындаймын. Қас-қағым сәтте болды. Ондай төбелес ашу ниетіміз болған жоқ", - деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2245359-nurqanatty-tepkenimdi-moiyndaimyn-sherzat-isi-boiynsha-tagy-bir-sottalushy-sotta-zhauap-berdi/