"Пышақты сүртіп отырғанын көрдім": Шерзат Болат ісі бойынша кәмелетке толмаған сотталушы оқиға жайында айтты
Опубликовано:

Бүгін, 16 мамырда сот отырысында кәмелетке толмаған айыпталушы Ы. Шерзат Болат қаза тапқан түнгі оқиға бойынша өз нұсқасын сотқа айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Белгілі болғандай, сотталушы Ы. оқиға болатын жерге Нұрбол Тоқтаубаевпен бірге, оның көлігін жүргізіп келген. Нұрболды досы, айыпталушы Дархан Әскентай шақырған.
"3 қазанда сағат 21:00 шамасында көршім Нұрбол Тоқтаубаев маған қоңырау шалыпты. Мен қайта хабарласып, не үшін телефон соққанын сұрадым. Ол маған ішімдік ішіп алғандықтан көлігін басқарып, бір жерге апарып келуімді өтінді. Үлкен болғандықтан сыйлап, көндім", - дейді ол.
Кейін, оның айтуынша, екеуі Рысқұлов ауылынан Талғар қаласына келген. Нұрбол Тоқтаубаевтың досын үйіне жеткізіп тастаған. Қайтар жолда Нұрбол Тоқтаубаев досы Шыңғыс Белғожаевқа хабарласқан. "Эйфория" кафесінде екенін білген соң сол жаққа бет алған.
"Эйфория кафесіне бардық. Барсақ, ол жерде Белғожаев Шыңғыс, Ілиясов Нұрқияс, Сәкиев Равиль, Шынасыл Абзал отыр екен, маған таныс емес екі қыз да болды. Арада 10-15 минут өткенде Нұрбол Тоқтаубаев біреумен сөйлесіп келді де, маған "Дархан деген досымды ұрып кетіпті, жүрші барып қайтайық" деді.
Сосын "Қамажай" дүкеніне бардық. Онда Қаржаубай аға, Әскентай Дархан, Шерзат Болат, Ғайыпбаев Нұрқанат тұр екен", - дейді сотталушы.
Ы. жанжалдың "ақша төлемегеннен" шыққанын естігенін айтады.
"Сосын Нұрбол ақшасын төлеп берді. Сол кезде Әскентай Дархан Тоқтаубаев Нұрболға ренжіп кетіп қалды. Сосын біз Әскентай Дарханның артынан бардық. Әскентай Дархан ақшаны төлегенін айтты. Сосын Нұрбол "қайтадан дүкен жаққа барамыз" деді.
Олар көліктен түсіп, сөйлесуге кетті, мен көлікте отырдым. Біраз болды. Видеода мен Қаржаубай ағамен сөйлескен кезім де бар. Мен көліктен түсіп, Қаржаубай ағадан мән-жайды сұрағанмын", - дейді Ы.
Кейін қайта көлікке барып отырғанын, сол кезде Шерзаттың достары, артынан "Эйфория" кафесінен жоғарыда аталған тұлғалар келгенін айтты.
"Тоқтаубаев Азамат, Белғожаев Шыңғыс, Ілиясов Нұрқияс, Сәкиев Равиль Шынасыл Абзал артынан таксимен келді. Және таныс емес екі қыз да келді. Бәрі сөйлесіп тұрған", - дейді Ы.
Кейін көлікте отырған ол тарс еткен мылтықтың атылғанын естігенін айтады.
"Мен қорқып көлікті артқа жүргіздім. Қарама-қарсы дүкеннің алдында тұрған кезде, шамамен 4-7 минут, нақты айта алмаймын, өткеннен кейін Мercedes автокөлігі жанымнан өтіп кетті. Мен Нұрбол аға сол көлікпен кетіп қалды деп ойлап, Нұрбол Тоқтаубаевқа көлігін қайтарып беру үшін сол көліктің артынан жүріп отырдым.
Олар "777" дүкеніне келіп тоқтап тұр екен. Мен де келіп тоқтадым. Нұрбол маған "күте тұр" деді. Сол кезде Шынасыл Абзал пышақты сүртіп отырғанын көрдім. Мылтық көлікке тіреулі тұрғанын көрдім. Сосын мен жүргізетін көлікке Тоқтаубаев Нұрбол, Тоқтаубаев Азамат, Әскентай Дархан, Шынасыл Абзал отырды. Рысқұлов ауылына бет алдық". - дейді сотталушы Ы.
Жолда олар рульде отырған Ы.-ға тауға қарай жүр деген.
"Мен үйге қайтамын дедім. Сосын ауылдың шетінен шамамен екі шақырымдай жерден түсіп қалып, үйге қарай қайттым. Әрі қарай көлікті Тоқтаубаев Азамат айдап кетті", - деді сотталушы.
Ол Шерзаттың қайтыс болғанын ертеңінде мектепте естігенін айтты.
Еске сала кетейік, кәмелетке толмаған Ы. Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша айыпталып отыр.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2245662-pyshaqty-surtip-otyrganyn-kordim-sherzat-bolat-isi-boiynsha-kameletke-tolmagan-sottalushy-oqiga-zhaiynda-aitty/