Air Astana өкілдері Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты рейстер кестесі өзгеретінін айтты
Опубликовано:

Air Astana әуе компаниясы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір рейстердің бағытында өзгерістер болатынын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Air Astana тобы Иран мен Ирак әуе кеңістігінің жабылуына байланысты кейбір Air Astana және FlyArystan тұрақты және чартерлік рейстерінің бағытындағы өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етеді. Шарм-эль-Шейх, Дубай, Доха және Мединаға рейстер Иран мен Ирак әуе кеңістігін айналып ұшады", - делінген хабарламада.
Компания өкілдері жағдайды мұқият бақылайтынын және кейінгі өзгерістер туралы хабардар ететінін мәлім етті.
Сондай-ақ олар жолаушылардан рейстердің мәртебесін тексеруді сұрайды, себебі рейстердің кестесінде өзгерістер болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнде Израиль әскері Иранға соққы жасады.
Иранның ядролық бағдарламасының ең маңызды нысаны орналасқан Натанз қаласына жасалған шабуылдан кейін елде бірнеше жарылыс дыбысы естілді.
Бүған қатысты Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік басшысы түсінік беріп, Иранның ядролық нысанына соққы жасалғанын растады.
Ал Израильде төтенше жағдай жарияланды. Елдің қорғаныс министрі Кац жақын арада жауап ретінде Израиль мен оның бейбіт тұрғындарына соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті.
Кейін ЦАХАЛ бригада генералы Эффи Дефрин Иран соңғы бірнеше сағат ішінде Израильге 100-ден астам ұшқышсыз ұшатын аппарат ұшырғанын айтты. Израиль қорғаныс күштері қазір оларды атып түсіру бойынша жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанның Израильдегі елшілігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ұшығуына байланысты сол елде жүрген отандастарымызға үндеу жасады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2255121-air-astana-okilderi-iran-men-irak-aue-kengistigining-zhabyluyna-bailanysty-reister-kestesi-ozgeretinin-aitty/