Жамбыл облысындағы қайғылы жағдайларға байланысты өңірге республикалық мониторингтік топ жіберіледі
Жарияланған күні:
Оқу-ағарту министрі Жамбыл облысында кейінгі кезде жасөспірімдер арасында тіркелген қайғылы оқиғаларға байланысты шұғыл кеңес өткізіп, өңірге республикалық ведомствоаралық мониторингтік топ жіберуді тапсырған. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Оқу-ағарту министрлігінде Жамбыл облысында болған соңғы оқиғаларға байланысты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланған.
Жергілікті атқарушы органдар өңірдегі ахуал туралы баяндаған. Оқу жылы басталғалы облыста кәмелетке толмағандарға қатысты бірқатар қайғылы жағдай тіркелген.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы атап өткендей, өңірде мектеп ішінде де, мектептен тыс ортада да алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізілмейді. Әсіресе психологиялық-педагогикалық қолдау жеткіліксіз, әлеуметтік қолдау шаралары әлсіз, әлеуметтік педагогтердің жұмысы да жеткілікті деңгейде іске асырылмай отыр.
Осыған байланысты, министрдің тапсырмасымен 29 қыркүйектен бастап өңірге республикалық ведомствоаралық мониторингтік топ жіберіледі. Оның нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және азайтуға бағытталған нақты іс-шаралары бар жергілікті Жол картасы әзірленеді. Сондай-ақ балалардың психологиялық қауіпсіздігі мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.
"Біздің басты міндетіміз – мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу және әрбір балаға барынша қолдау көрсету. Балалардың қауіпсіздігі үшін мемлекет, мектеп, ата-ана және барлық жауапты құрылымдар күш біріктіруі қажет. Бұл бағыттағы алдын алу шаралары нәтижелі болуы үшін барша мүдделі тараптардың белсенді қатысуы маңызды. Оқу-ағарту министрлігі Жамбыл облысына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Дегенмен, қабылданған шараларды жүзеге асыру – әрбір жергілікті басшының жеке жауапкершілігі", - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Айта кетелік, бұған дейін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың жиіленіп кетуіне байланысты шұғыл кеңес өткізіп, бірқатар лауазымды тұлғаға сөгіс жариялауды тапсырған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2286858-zhambyl-oblysyndagy-qaigyly-zhagdailarga-bailanysty-ongirge-respublikalyq-monitoringtik-top-zhiberiledi/