jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Эльмира Асқарқызы
Аға журналист

Әлназарова ақтаулық хирургке жасалған шабуылға қатысты түсінік берді

Ақмарал Әлназарова
Ақмарал Әлназарова. Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайты

Үкіметте өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысында дәрігерге жасалған шабуылға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Брифинг барысында журналистер Ақтаудағы дәрігер мен баланың әкесі арасында туындаған жанжалға қатысты сұрақ қойды. Сұрақ пациент тұрғысынан қойылды: "Дәрігерге шабуыл жасаған адам 12 жылға сотталып кетемін бе деп қорқып, үнсіз қалса, оның арты қалай болмақ?" - деді журналист.

"Қызметін атқарып жатқан азаматты біреу келіп, ұрып-соғып жұлқылап жатса, соны өзіңіз дұрыс көресіз бе?" - деп жауап қатты министр.

Әлназарованың айтуынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды және құзырлы органдар оның әрекетіне баға береді.

"Президенттің тікелей тапсырмасының аясында биыл жауапкершілікті күшейтуге байланысты заңға қол қойылды. Сәуірден бастап бұл норма күшіне енді. Қазақстан бойынша 50-ге жуық осындай қылмыстық істер қозғалды. Біздің негізгі жұмысымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету. Ал бұл ата-ананың бұл қылмыстық іске неге барғаны істі тергеу кезінде белгілі болады. Егер тергеу барысында дәрігердің кінәсі анықталса, оны тағы көрерміз", - деді ол.

Сондай-ақ ол бұл жағдайда ата-ананың да жауапкершілігі бар екенін айтты. Әлназарованың сөзінше, баланың ата-анасы кем дегенде екі рет ауруханаға жатудан бас тартқан.

"Олар қолхат жазып, баласын алып кеткен, кейін баласын үшінші рет әкелген. Ең алдымен бала туралы ойлау керек. Қылмыстық іс қозғалды және тараптардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мен ата-ананы да, дәрігерлерді де ақтауға немесе қаралауға тырысып отырған жоқпын. Бәрі заң аясында болады", - деп сендірді ол.

Контекст

1 қарашада Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде келушілердің бірі дәрігерге тап беріп, мойнынан қылқындырғаны белгілі болды. Медициналық мекемедегілер балалар хирургі балаға қажетті тексеру жүргізіп, қарау нәтижесін әкесіне сабырмен түсіндіргенін, ал ер адам дәрігерге кенет тұра жүгіргенін айтты.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Кейінірек баланың әкесі ұлынан айырылып қалудан қорыққанын айтты. Оның пікірінше, дәрігер екінші рет келгенде оларды мысқылмен қарсы алған, сондықтан оған шыдамай, ашуға берілген.

Көп ұзамай облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің хирургі Қанат Исмаил кішкентай пациенттің әкесінің шабуылы мен оның таққан айыбына қатысты түсінік берді.

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram