Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем біріншілігінде Қазақстан әнұранына қатысты түсініксіз жағдай орын алып, қазақ жанкүйерлері бұл олқылықтың орнын жапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
48 келіде әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбайдың құрметіне Қазақстанның мемлекеттік әнұраны қосылды. Әдетте, ресми жарыстарда әнұранның бір куплеті мен қайырмасы қосылады. Ал ұйымдастырушылар бұл жолы қайырмадан соң әнұранды тоқтатпай, екінші куплет ойнады.
Осыдан соң куплеттің бітуін күткен ұйымдастырушылар екінші рет қайырма басталғанда әнұранды тоқтатып тастады.
Ал бұл Ташкенттегі "Хумо Аренаға" жиналған отандық жанкүйерлерге бөгет болған жоқ. Қазақ боксшыларын қолдауға келген қалың көрермен әнұраны жанды дауыста айтып, соңына дейін хормен орындап шықты.
Кейін аталған видео желіде кеңінен тарап кетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2020446-taskentte-anurannyn-toqtap-qalganyn-tusinbegen-qazaq-zankuierleri-gimndi-xormen-oryndap-syqty-video/